Қарағанды облысында полицейлер жанып жатқан үйден газ баллонын алып шыққан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысында полицейлер жанып жатқан үйден газ баллонын алып шыққан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
15 ақпанда түнгі сағат 22:40 шамасында Қарағанды облысы, Абай аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция взводының қызметкерлері Азамат Тастенұлы мен Мейіржан Дюсекенов Абай қаласындағы Промышленный көшесінде қызмет өткеру барысында жер үйден шыққан қою түтінді көрген. Полиция қызметкерлері Калинин көшесінің қиылысымен бірден сол жаққа бет алып, түтін шыққан үйге барған.
"Бірден от шыққан үйге бардық. Тоқтай бергенімізде біздің қызметтік көліктің алдынан қолында кішкентай баласы және жанында жасөспірім қызы бар әйел жүгіріп шығып, "Үйімізден өрт шықты. Көмектесіңіздер", деп айқайлады. Сондай-ақ азаматша газ баллоны барын айтты. Әйелді балаларымен көлікке отырғыздық. Мен бірден кезекші бөлімге хабарласып, өрт сөндірушілерді шақырдым", - дейді төтенше жағдайға бірінші болып жеткен Мейіржан Дюсекенов.
Осы уақытта Мейіржанның серіктесі Азамат Тастенұлы жанып жатқан үйге қарай жүгірген.
"Үйге жақындағанымда маңында өрт сөндіріп жүрген азаматтар болды. Олардан үйде газ баллоны бар-жоғын сұрадым. Сөйтсек, өрт шыққанда үйдегілер сыртқа шыққанда баллонды шығаруға ұмытып кеткен. Үйдің кіре берісі түгел отқа оранғандықтан ол жерден ішке кіру мүмкін болмады. Бір кезде сол маңда жүрген бір азамат үйдің арт жағынан маған газ баллоны тұрған жерді көрсетті. Ол жерге терезе арқылы кірдім. Ол кезде үйдің төбесі жанып, іші түтінге толып кеткен еді. Қолымдағы қолшамды жағып, газ баллоны тұрған жерді тауып алдым. Жалғанған құбыршегін кесіп, баллонды далаға алып шықтым", - дейді Азамат Тастенұлы.
Араға бірнеше минут салып, өрт сөндірушілер келіп, үйдегі қызыл жалынды өшірген. Үй иесі Елена Абенова тілсіз жау шыққанда алғаш болып көмекке келген тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
"Біздегі төтенше жағдайға бірінші болып келіп, қол ұшын берген тәртіп сақшыларына алғысым шексіз. Өрт басталған кезде үлкендермен қоса 13 жастағы қызыммен 8 айлық немерем болған. Полиция қызметкерлерінің дер кезінде жасаған әрекеттерінің арқасында қазір олар өздерін жақсы сезінеді. Бұл жігіттер нағыз батырлар. Бірі өз өмірін қатерге тігіп, үйдегі газ баллонын алып шықты. Егер үйде газ жарылғанда соңы ауыр болар еді", - дейді Елена Абенова.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!