Қарағанды облысында сот жергілікті зираттағы жерге таласқан екі әйел арасындағы ерекше азаматтық дауды қарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағанды облысында сот жергілікті зираттағы жерге таласқан екі әйел арасындағы ерекше азаматтық дауды қарады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жанжал неден шыққан?
Бұқар Жырау аудандық сотына жергілікті тұрғын жүгінген. Оның айтуынша, 2024 жылдың қараша айында ол анасын "Құрлыс" зиратына жерлеген. Алайда біраз уақыттан кейін әйел бұл моланың үстіне бөтен іргетас, қоршау және басқа марқұмның деректері жазылған құлпытас орнатылғанын байқаған.
Талап қоюшы бұл нысандарды жауапкер М. өз бетінше орнатқанын айтып, сот арқылы ескерткіш пен қоршауды алып тастауды, сондай-ақ сот шығындарын өндіруді талап етті.
Жауапкер бұл айыптармен келіспеді. Ол бұл учаскеде өз әпкесі жерленгенін, сондықтан барлық зират нысандары заңды түрде орнатылғанын және оларды бұзуға ниетті емес екенін мәлімдеді.
Генетикалық сараптама не көрсетті?
Даулы молада шын мәнінде кімнің жерленгенін анықтау үшін сот сот-сараптамалық молекулалық-генетикалық сараптама тағайындады. Мамандар талдау жасау үшін мәйітті эксгумациялау арқылы алынған сүйек фрагментін зерттеді.
ДНҚ талдауының нәтижесі талап қоюшы тарап үшін күтпеген жағдай болды.
"Сот-сараптамалық молекулалық-генетикалық зерттеу бойынша сарапшының қорытындысына сәйкес, жауапкер мен зерттеуге ұсынылған сүйек фрагменті иесі - жерленген әйел арасындағы биологиялық туыстық расталды. Алынған генетикалық деректер негізінде осы әйелдің талап қоюшыға қатысты биологиялық туыстығы жоққа шығарылды", – деп хабарлады сот.
Сот шешімі
Тараптар ұсынған дәлелдемелерді зерттей келе, сот талап арызды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келді.
"Азаматтық процестік кодекстің 72-бабының талаптарын бұза отырып, талап қоюшы анасының дәл осы даулы зират учаскесінде жерленгенін растайтын бұлтартпас дәлелдер ұсынған жоқ. Осыған байланысты сот шешімімен талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды", – деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, сот Үштөбе ауылдық округі әкімінің аппараты жерлеу ережелері мен зираттарды күтіп ұстау тәртібінің сақталуын тиісті деңгейде бақыламағанын анықтады.
Осыған байланысты сот жеке ұйғарым шығарып, уәкілетті органды анықталған заң бұзушылықтарды жоюға міндеттеді.
Жеңілген тарап сот шешіміне шағымданбақ болды, алайда Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы оны өзгеріссіз қалдырды.