Өзен суына ағып кеткен екі ағайынды мен ірі қара малдарды іздестіруге барған Қарқаралы ауданы Нүркен Әбдіров атындағы ауыл тұрғыны қазір үйіне жеткізілді. Құтқарушылар оны шамамен таңғы сағат 4-терде жағаға әкелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өзен суына ағып кеткен екі ағайынды мен ірі қара малдарды іздестіруге барған Қарқаралы ауданы Нүркен Әбдіров атындағы ауыл тұрғыны қазір үйіне жеткізілді. Құтқарушылар оны шамамен таңғы сағат 4-терде жағаға әкелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Сол кезде ол бізден 8-10 метрдей жерде тұрды. Бірақ оған дейін құтқарушыларсыз бару мүмкін емес еді. Арқанның көмегімен тамақ пен жылы киімдерін беріп жібердік. Ол суға кетіп қалмас үшін үнемі бақылап тұрдық. Оны Теміртауға қайықпен жеткізді", - деді Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов.
Халел Мақсұтовтың айтуынша, олар техника қауіпсіздігі ережелерін бұзып, ескертулерге қарамастан сол жаққа өз беттерінше кетіп қалған.
"Құтқарылған жігіт пен ағайындылардың бірін жол-жөнекей учаскелік қарсы алды", - дейді шенеунік. - "Өзен суы тасып жатыр, ол жаққа баруға қатаң түрде тыйым салынды" деді. Бірақ ол учаскелік кете салысымен су тасып жатқан аумаққа қарай кетіп қалды. Сол жерді жақсы білеміз деп ойлаған. Ал екінші ағайынды не болып жатқанын білген соң құтқаруға кірісті. Бірақ оларға Төтенше жағдайлар қызметіндегілерді күту керек еді. Мен олар жас болса, түсінер едім. Бірақ олардың бірінің жасы 44-те, ал екіншісі - 36 жаста".
Алты сағаттан кейін құтқарылған Сұңғат Көпбалин Tengrinews.kz тілшісіне өзінің қалай құтқарылғанын және екі ағайындының өліміне қатысты мән-жайды айтып берді. 34 жастағы ер адамның айтуынша, ағайындылар қар суына батып кеткен. Судың деңгейі ол кезде 2 метрге дейін жеткен.
"Дархан мен оның ағасы Сайран менің көзімше суға кетті. Бұл сәт әлі көз алдымда тұр. Біз Дарханмен таңғы сағат 10-дарда жылқыларды іздеуге шықтық. Ешқандай да қауіп төнген жоқ. Қар суының деңгейі де орта болды. Содан қайтатын кезде су деңгейі көтеріліп кетті. 2-2,5 метрге дейін жетті. Содан біз ол жерден өз бетімізше шыға алмайтынымызды түсіндік. Айналмалы жол да болмады. Бүкіл жерді су басты. Кейін ауыл тұрғындарын көмекке шақырдық. Содан бізге Дарханның ағасы, Сайран және тағы бірнеше ер адам келді. Жылқыларды байлап тастадық. Содан суға бірінші Сайран, артынша Дархан кетті. Екеуі де сол күйі жоқ болып кетті. Тек 100 метрден аса жерде судан жылқылар шыға бастады", - дейді куәгер.
Содан қалған ер адамдардың біреуі де ағайындылардың артынан бармады. Олар ауыл тұрғындарына бұл жайлы телефонмен хабарлады. Ал Сұңғат болса соларға қарама-қарсы жағада қалып қоя берді. Оның айтуынша, кешкі уақытта оқиға орнына атқарушы орган өкілдері келді. Сұңғат осы уақыт бойы жылқылармен бірге сол жақта тұрған. Осылайша, су деңгейінің көтерілуіне байланысты Сұңғатқа құтқарушыларды күтуге тура келген.
"Түнде маған арқан лақтырды. Осы арқылы тамақ пен жылы киім бере алды. Құтқарушылар мені таңғы бесте алып шықты. Сүңгушілер өздеріне трос байлап, сүйреп шықты. Қазір үйдемін, жағдайым жақсы. Дархан мен Сайран үшін уайымдап отырмын. Олардың артында отбасылары қалды: Дарханның үш баласы бар, Сайранда екеу болу керек. Оларды әлі таппады", - дейді ер адам.
Ал Нүркен Әбдіров атындағы ауыл тұрғындары әлі де дабыл қағып отыр. Бүгін ауыл маңында еріген су деңгейі қайта көтерілген. Ауыл шетіндегі үйлерді су басып жатыр, оларды орталықтағы үйлерге көшіріп жатыр. Кейбір адамдардың малы қырылып жатыр. Сонымен бірге, тұрғындарды Көктал ауылынан келетін су да алаңдатып отыр. Егер бұл жақтан келетін қар суы ауылға жетсе, зардап шеккендер саны артады. Сондай-ақ, бірнеше күн бұрын ауыл тұрғындарына су тасыған жағдайда не істеу керектігі туралы ескертпелер таратылған.
Еске сала кетейік, 2 сәуірде Қарағанды облысында екі ағайындының жоғалып кеткені жайлы хабарланған болатын. Олардың бірі досымен бірге ірі қара малдарды іздестіруге аттанған еді. Бірақ бірде ер адам жылқылармен бірге суға кетіп қалған. Оны құтқармақшы болып артынша секірген ағасы да із-түссіз жоғалып кеткен болатын.