Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев сыбайлас жемқорлыққа қатысты істе айыпталушы ретінде қаралмайтын болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев сыбайлас жемқорлыққа қатысты істе айыпталушы ретінде қаралмайтын болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеушісінің қаулысы бойынша экс-әкімнің статусы күдіктіге өзгертілді. Қаңтардың 12-сі күні Қарағандының Қызыбек би аудандық сотында оны тұтқындау мерзімін ұзартуға қатысты мәлесе қаралды. Айта кетейік, Бауыржан Әбдішев төрт ай бойы айыпталушы ретінде қамауда болды.
Оны айыпты деп тану үшін қылмыстық істің тергеу жұмыстары толықтай аяқталуы тиіс. Бұл заң күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекспен байланысты болып отыр, жаңа заң бойынша енді қылмыстық істерге қатысты күдіктіге айыпты бақылау жүргізген прокурор тағады. Ал айып аяқталған қылмыстық істің құжаттары прорукордың қолына тигеннен кейін ғана тағылады.
"Бұдан былай Бауыржан Әбдішев - айыпталушы емес, күдікті. Оның статусы тергеушінің жеке қаулысы бойынша өзгертілді", - деп хабарлады, сот процесіне қатысқан прокуратура өкілі. Бауыржан Әбдішев изоляторда 23 ақпанға дейін отырады. Қамау мерзімінің ұзаруына күдікті Әбдішевке жасалған сараптамалық және тергеу жұмыстары бойынша қосымша дәлел жинауға уақыттың жетпегені себеп болды.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін ҚР ҚК 307-бабы бойынша айыпталған еді. Оған "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңды жеке мақсаты үшін бұза отырып, тендерлерде жекелеген фирмалардың мүддесін қорғады деген айып тағылды. Тергеудің мәліметінше, Әбдішев Қарағанды қаласын көріктендіру бағдарламасы бойынша тендерде теміртаулық "Сталь Монтаж" фирмасын жеңімпаз ету үшін одан 12 миллион теңге алған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеу органына "Сталь Монтаж" ЖШС қызметкері осындай айғақ берді. "Делдал арқылы ақшаны беріп жіберіп, фирма тендерді ұтып шықты, сөйтіп, Қарағанды қаласын көріктендіру мемлекеттік бағдарламасы бойынша көшенің жарық бағандарын шығару мен жөндеуге, басқа да жұмыстарды атқаруға мүмкіндік алған", - деп хабарлады тергеу тобының қызметкерлері.