Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов "алматылық атқыш", жаза өтеу орындарында суицид жасамақшы болған Руслан Күлекбаевқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов "алматылық атқыш", жаза өтеу орындарында суицид жасамақшы болған Руслан Күлекбаевқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі
Астанада өткен брифинг барысында ІІМ басшысы Күлекбаевтың бірнеше рет суицид жасамақшы болуына қатысты кейбір деректерге тоқталды.
"Ол қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр, қатаң тәртіптегі камерада. Онда видеобақылау камералары бар. Сотталушы екі рет суицид жасамақшы болды. Кезекші оның жаймадан арқан жасап жатқанын көрген. Сол сәтте оның бұл әрекетін тоқтатты. Әрине, біз бұл жағдайды бақылап отырмыз. Ашығын айтайын, ол түзелмейтін, дауасыз адам", - деді Қасымов.
Сондай-ақ, ІІМ басшысы сотталушымен психологтардың жұмыс істеп жатқанын айтып өтті.
"Оған қатысты бақылау қатаң болады", - деді Қасымов.
Еске сала кетейік, мұның алдында ҚАЖК өкілдері Террорист Руслан Күлекбаевтың екі рет суицид жасамақшы болғанын хабарлаған еді. "Суицидке қатысты айтар болсақ, ол жазасын өтеп жатқан уақытта екі жағдай тіркелді, дер кезінде қылмыстық-атқару жүйесі оның алдын алды. Өкінішке қарай, ол әлі де суицид жасау мүмкіндігін іздеп жүр. Мекеме басқа да кешенді профилактикалық шараларды қолданып жатыр", - деген еді комитеттегілер.
Еске салайық, 2016 жылы 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Руслан Күлекбаев Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Атыс салдарынан 10 адам қаза тапты. 2 қарашада Алматыда Руслан Күлекбаевқа өлім жазасына кесілуі және мүлкі тәркіленуі туралы үкім шығарылды.