KAZ Minerals Aktogay– жаңадан ашылған өндіріс. Қазір кен орны әлемдегі мыс шығарушы компаниялар арасында үздіктер қатарында. Аз ғана уақытта осындай жетістікке жетудің сыры неде?
KAZ Minerals Aktogay– жаңадан ашылған өндіріс. Қазір кен орны әлемдегі мыс шығарушы компаниялар арасында үздіктер қатарында. Аз ғана уақытта осындай жетістікке жетудің сыры неде?
KAZ Minerals Aktogay өндірісінің құрылысы 2013 жылы жанданды. Кейін тотыққан кенді және сульфидті кенді қайта өңдейтін алғашқы байыту фабрикасы өз жұмысын бастады. 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сульфидті кенді қайта өңдейтін екінші фабриканы іске қосты.
KAZ Minerals Aktogay өзінің ауданы әрі білікті мамандарының көптігімен ерекше. Карьерде мыс кені өндіріледі. Ол оксидті әрі сульфидті деп бөлініп, осы түрлеріне байланысты одан кейінгі өңдеу кезеңдеріне өтеді.
"Карьермен жұмыс істеу кезінде заманауи тау-кен өндіруге арналған техника пайдаланылады. Сонымен қатар еліміздегі ең ірі жүк көтеру көлігі бар. Ол өнімді өзі аударуға қауқарлы 250 тонна жүк тасымалдайтын көліктер. Одан өзге, көмекші техникалар да қолданылады. Жұмыс демалыссыз, тәулік бойы жүргізіледі. Айына 9 миллион тонна тау-кен массасын, ал жылына 97-98 миллион тонна өндіріміз", - деді карьер басшысы Думан Сүлейменов.
Кәсіпорында көптеген жүйе автоматтандырылған. Заманауи құрылғылар мен кәсіби білікті мамандардың жұмысы кәсіпорынның дамып, жетіктікке жетуіне мүмкіндік береді.
"Екінші фабрика үш ай ішінде сағатына 3500 тонна өнім шығарып жобалық қуаттылығына жетті. Қазіргі таңда ең жоғары өнімділік - сағатына 4000 тоннаны құрайды. 2023 жылы екі сульфидті фабрика мен оксидті зауыт 252 000 тонна мыс шығарып, жоспарды орындады", - дейді өндірістік басқарма басшысы Ғани Советов.
Кәсіпорында пайдаланылған суды өңдеп, қайта өндірісте қолдануға мүмкіндік беретін бірегей жабдық орнатылған. Бұл шығынды азайтып, қоршаған ортаға мейлінше зиян тигізбеуге жәрдемдеседі.
"Біздің зауыт бірнеше бағыттар бойынша өзгелерден дараланып тұрады. Ең маңыздысы, бұл 25 000 тонна өнім шығарытын Қазақстандағы ең ірі өндіріс ошағы. Зауыт өндірісте қолданылған барлық шикізатты қолданысқа енгізіп, өңделген пайдалы қазбалардан да қалдық қалдырмайды. Сульфидті фабрикаға қарағанда біздің өніміміз металдың түпкі өнімі. Химиялық құрамына сәйкес, катодты мыстың сапасы 99,99% таза мысты құрайды. Оныбірден кабель, сым өндірісінде, трансформатор өнеркәсібінде қолдануға болады", - деп толықтырды тотыққан кендерді байыту жөніндегі учаске бастығы Дәурен Байжігітов.
KAZ Minerals Aktogay өндірістегі қауіпсіздікке ерекше назар аударады. Фабрика қолайсыз әрі тосын жағдайларда жұмысын тоқтатпау үшін кен қорын ескеріп қызмет атқарады.
Сурет: KAZ Minerals