ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің таңдаулы жобасына республикалық ашық конкурс жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Еске сала кетейік, бұл мерейтой биыл аталып өтеді.

Байқаудың шарты бойынша, "ұсынылған жобалар ансамбльдік үйлесімді шешіммен қорытындыланған жоғары идеялық және сәулеттік-көркемдік деңгейде орындалуы" тиіс. "Монументтің жобасын іріктеу талаптары: жоғары көркемдік деңгей, эстетикалық мәнерлілік, идеялық мазмұндылық, көркемдік тұтастық пен ерекше бітімде болуы. Мүсін алыстан көз тартып, жергілікті кең көріністің (панорама) өзекті композициясына айналуы керек", - делінген хабарламада.
Жоба авторы монументтің көркемдік шешімі мен негізгі идеясы мазмұндалған қысқаша түсініктемені ұсынуы тиіс. Материалдар 10 ақпанға дейін қабылданады. Толығырақ ведомствоның сайтынан білуге болады.
Бұған дейін "Қазақстан халқының рухани даму қоры" АҚ сайтында Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің логотипін жасауға байқау жарияланған болатын. Ұйымдастырушыларға 13 жұмыс келіп түсті. Бірақ әлі күнге дейін жеңімпаз жоба жария етілген жоқ.
Айта кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығын тойлауға 3 миллиард теңге бөлінеді.