Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековті Қырғыз Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, бауырлас халыққа тыныштық пен тұрақтылық және бақ-береке тіледі.
"Қазақ пен қырғыздан жақын халық жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мен әрдайым Қырғызстанды қолдап келемін", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі ел арасында жол картасы қабылданып, үкіметаралық комиссия тиімді жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Сіз Президент болып сайланғаннан бері біз жиі кездесіп, көптеген мәселелерді талқыладық. Екі жақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілуде. Сауда-саттық көлемі артып келеді. Бүгінде елдеріміз арасындағы барлық проблемалар, соның ішінде шекаралық мәселелер толық шешімін тапты", - деді Қазақстан Президенті.
Сооронбай Жээнбеков шақыруын қабыл алып, Шолпан-Атаға келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы қатынастардың достық сипатта екенін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары кездесу соңында екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.