Қазақ тіліне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы ҚР вице-премьер-министрі Дариға Назарбаева тамыз жиналысы барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ тіліне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы ҚР вице-премьер-министрі Дариға Назарбаева тамыз жиналысы барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазақ тіліне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Керісінше, тек бір пән қазақ тілінде өтіп жүрген орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілде білім беруді жетілдіру жоспарланып отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік тілді үйренуге бағытталған жаңа әрі жеңілдетілген әдістемені жасап жатыр. Мен білім берудің бұл әдісі сәтті болатынына сенемін. Пәндерді оқытқанда бізге тіл неге керек? Егер ол тілді күнделікті қолданбасаң, тез ұмытып кетесің", - деді Дариға Назарбаева.
Вице-премьер-министрдің айтуынша, бұл пікірталаста көптеген түсініспеушілік бар. Сондықтан түрлі қауесеттер тарап жатыр екен. "Үш тілде білім беру жүйесі кезең-кезеңмен енгізіледі. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда үш тілде білім беру жүйесі жұмыс істейді. Осыған байланысты мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары арасында түсіндірме жұмыстарын әрі қарай да жүргізу қажет. Бұл жұмыстармен айналысуға бізде әлі екі жылдан аса уақыт бар. Екі жыл ішінде біз мұғалімдерді осы жүйеге дайындау үшін қолдан келетін және келмейтін барлық жұмысты істейміз", - деді вице-премьер-министр.
Сонымен қатар, ол бүгінде мұғалімдердің белсенділік танытып жатқанын айтты. 5 мыңнан аса мұғалім жұмыс орны мен жалақысын сақтай отырып, 4-9 айлық курстарға жазылған екен. "Біздегі жоғары оқу орындарында да ағылшын тілінде оқыту бағдарламасы енгізіліп жатыр. 2018 жылға қарай мұғалімдердің үш тілді білім беруге дайындығын бағалап, сарапшылардың қойған бағасына сәйкес, қорытынды шешім шығарамыз. Сондықтан уайымдауға ешқандай себеп жоқ", - деді Дариға Назарбаева.