Қазақстанда аз зерттелген, бірақ мұнай мен газға қатысты перспективасы жоғары шөгінді бассейндер аумағында қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, әңгіме еліміздің оңтүстік-шығыс және солтүстік өңірлері туралы болып отыр.
"Шу-Сарысу және Солтүстік Торғай секілді аз зерттелген шөгінді бассейндер шегінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алынған нәтижелер егжей-тегжейлі іздестіру және барлау жұмыстарын бастауға негіз болады деп күтіліп отыр", - деді Нағаспаев Астанада өткен геологиялық форумда.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанда 10 мыңға жуық кен орны есепке алынған, оның ішінде 1 мыңнан астам қатты пайдалы қазбалар кен орны, 359 көмірсутек кен орны, 3 700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар нысаны және 4 900-ге жуық жерасты су көздері бар.
Бүгінде Қазақстанда мұнай негізінен ірі кен орындары мен негізгі инфрақұрылым шоғырланған елдің батысында өндіріледі. Негізгі мұнай өндіруші өңірлер - Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары. Сондай-ақ Қызылорда облысында да өндіру көлемі аз емес.
Еске салсақ, бұған дейін үкіметте 2025 жылы кешенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге резервтен бөлінген 40,7 миллиард теңге туралы хабарланған болатын.