Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың сөзіне қарағанда, ғарышқа қазақтың ұшуы міндетті емес. Ол Қазақстан азаматы болса болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың сөзіне қарағанда, ғарышқа қазақтың ұшуы міндетті емес. Ол Қазақстан азаматы болса болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде журналистедің "Қазақстанның азаматын ғарышқа қашан жібереміз?" деген сауалына агенттік басшысы: "Қызық сұрақ қоясыздар өзі, бұл пойыз немесе ұшақ емес қой, ішіне отырғызып қойып, жібере салатын", - деп бастады. Оның айтуынша, бұл - мемлекет басшылардың деңгейінде қаралатын мәселе. "Оны іске асыру оңай емес. Себебі дәл қазір орбитада ресейлік "Мир" стансасы емес, халықаралық ғарыш стансасы (ISS) жұмыс істеп жатыр. Бұрын ғарышқа кімді жіберетінін Ресей шешсе, қазір жағдай басқаша. Бірден айтайын, Қазақстан ISS-ке кірмейді. Оған Еуропа, АҚШ, Ресей, Жапония, Канада сияқты 20-ға жуық мемлекет кіреді. Сондықтан сіздер айтқандай, өз азаматымызды ғарышға жіберу үшін аталған елдердің барлығы рұқсат беруі тиіс. Әрине, ол - өте қиын мәселе. Қазір ғарышкерлердің ұзын-сонар кезегі бірнеше жылға созылады. Соған қарамастан, біз нақты шараларды атқарып, келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оңтайлы шешімдер де жоқ емес. Біз алдын ала айта аламыз, бәлкім 2017 жылы ол бастама (қазақстандық азаматты ғарышқа ұшыру - авт.) жүзеге асады", - деді Т.Мұсабаев.
Оның сөзіне қарағанда, ол азамат қазақ болмауы да мүмкін. "Ғарышқа Қазақстан азаматы ұшады деп айтқан жөн. Бұл жерде біз қазақ туралы айтып отырған жоқпыз. Мұсабаев немесе Мырқымбаев деп... Ең бастысы, ол Қазақстан азаматы болуы тиіс", - дейді Т.Мұсабаев. Бүгінде ғарышкер полковник Айдын Айымбетов - негізгі үміткерлердің бірі. "Әзірше, ол тізімде бірінші болып тұр. Бірақ бұл әзірше. Біз басқа адамадарды да дайындайтын боламыз", - деп атап көрсетті Т.Мұсабаев мырза.