Қазақстан Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді. Мәжіліс заң жобаларын мақұлдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді. Мәжіліс заң жобаларын мақұлдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс отырысында қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев әскери көмекті, оқ-дәрілерді, арнайы жабдықтарды Қырғызстан мен Тәжікстанға беру өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің өсуіне байланысты ұйымдастырылғанын хабарлады.
Қырғызстанмен арадағы келісімге 2021 жылы 2 наурызда, Садыр Жапаровтың Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қол қойылды.
"Келісім қырғыз тарапына бір рет әскери құралдарды, оқ-дәрілерді және арнайы жабдықтарды беруді көздейді. Қазақстан тарапы әскери көмекті Қырғыз Республикасының Қойташ елді мекеніне дейін автокөлікпен жеткізу шығынын көтереді. Қырғыз тарапы әскери көмекті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді", - деп хабарлады қорғаныс министрінің орынбасары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын түсіндіре отырып.
Ол Қырғызстанға әскери көмек беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетінің жай-күйіне әсер етпейтінін мәлімдеді, өйткені көмек "Қазақстан Қарулы Күштерінің нормативтен тыс қорларынан" беріледі.
"Орталық Азия өңірінің іргелес аудандарының, ҰҚШҰ жауапкершілік аймағының қауіпсіздігі саласындағы қалыптасқан жағдайға байланысты, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлердің көбеюіне байланысты әскери-техникалық көмек көрсету Қырғызстан Қарулы Күштерінің оларға тойтарыс беру мүмкіндігін арттырады", - деді Шпекбаев.
Тәжікстанмен арадағы келісімге 2021 жылғы 17 сәуірде Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы бас қолбасшысының 2020 жылғы Тәжікстан президентімен кездесуі нәтижесінде және Тәжікстан тарапының әскери-техникалық көмек көрсету туралы сұрауын іске асыру аясында қол қойылды.
"Келісім бойынша әскери көмекті, оқ-дәрілерді Тәжікстан тарапына бір рет береді. Қазақстан әскери көмекті теміржол арқылы Жамбыл облысы Отар станциясынан Душанбе қаласына дейін жеткізу шығындарын көтереді", - деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын талқылау кезінде.
Келісім шеңберінде тәжік тарапы алынған әскери көмекті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бермейді.
"Тәжікстанға әскери көмек беру Қазақстанның жауынгерлік әзірлігі мен қорғаныс қабілетінің жай-күйіне әсер етпейді, өйткені көмек Қазақстан Қарулы Күштерінің нормативтен тыс қорларынан беріледі. Тәжік-ауған шекарасының іргелес аудандарының қауіпсіздігі саласындағы қалыптасқан жағдайға байланысты, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлердің көбеюіне байланысты әскери-техникалық көмек көрсету Тәжікстан Қарулы Күштерінің осы қауіп-қатерге тойтарыс беру және Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін нығайту мүмкіндіктерін арттырады", - деп толықтырды Руслан Шпекбаев.
Ол заңның қабылдануы республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін, теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдар болмайтынын мәлімдеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!