Қырғызстанмен шекарада Қазақстандық туристер үшін "жасыл дәліз" ұйымдастырылды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі шілденің басында "Қордай" бақылау-өткізу пунктіне барған сапарында білді.
Қырғызстанмен шекарада Қазақстандық туристер үшін "жасыл дәліз" ұйымдастырылды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі шілденің басында "Қордай" бақылау-өткізу пунктіне барған сапарында білді.
Бұл жолы көліктер кезегі маусымның басындағыдай үлкен болмады. Шекарашылар бақылау-өткізу пунктіне кіреберісте бетон плиталар орнатқан. Олардың айтуынша, өткізу пунктіндегі жағдай қазір өзгерген: бұрын 500-700 авто Қырғызстанға бензин әкелген болса, бүгінде олардың саны 250-400-ге дейін қысқарды. Бұл жағдай қырғыз билігі елге жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) әкелуге салық енгізгеннен кейін болып отыр.
"Қырғызстанға жанар-жағармай материалдарын әкелетін адамдар елге бір рет кіре алады, ал екінші рет 12 пайыз салық төлейді. Бұл фактор оларға тоқтау салды, сол үшін тілек білдірушілер саны екі-үш есе азайды. Қазір жанар-жағармай тасушылар шекарадан тәулігіне бір рет қана өтеді, ал бұрын тоқтаусыз жүретін", - деді "Қордай" шекаралық бақылау бөлімінің басшысы подполковник Ерлан Нысанов.
Бақылау-өткізу пунктінің алдындағы кептелісті бетон плиталары да жеңілдетуге көмектесті. Шекарашылар олардың бір бөлігін Қордай ауылынан тапты, ал екінші бөлігін жергілікті әкімдік берді. Қоршаулардың көмегімен екі жолақ жасалды: біреуі жанар-жағармай материалдары үшін, екіншісі туристер үшін.
"Оң жолақтан өтетін ЖЖМ тасушылар енді сол жақтағы туристермен кезекке тұра алмайды. Қазір біз туристер үшін жолақ белгісін дайындап жатырмыз. Себебі туристер ағыны артып келеді. Бірақ олар 15 шілдеден 15 тамызға дейін одан да көбейеді деп күтіп отырмыз.
Орташа алғанда, бүгінде шекарадан 400-ден 700-ге дейін турист өтеді. Бұл Ыстық көлге баратын адамдар. Олардың құжаттарын тәулік бойы тексеру үшін 10 паспорттық бақылау кабинасы жұмыс істейді. Туристік маусымның шыңында екінші желіні ашып, тағы 10 кабина қосамыз", - деді Нысанов.
Оның айтуынша, 21 маусымнан бастап туристік сапарларға арналған пилоттық жоба іске қосылды. Олар үшін бөлек "Жасыл дәліз" ашылды.
"Туристік автобустарға бекеттен өтуге басымдық беру туралы шешім шығарылды. Турагенттіктер бізді Ыстықкөлге шыққан автобустардың саны мен олардың шекараға келу уақыты туралы ақпаратты алдын ала хабардар етіп отырады. Осы жоба аясында қазақстандық туристер үшін Қырғызстанмен шекарасында "жасыл дәліз" құрылды. Жобаның іске қосылғанына бір апта өтсе де, бізге кері байланыс түсіп жатыр. Туристер мінген автобус төлқұжат бақылауынан 30-40 минут ішінде өтетініне адамдар риза. Олардың айтуынша, бұрын мұндай жағдай болмаған", - деді ол.
Десек те, Қордай бекетінде оқыс оқиға жоқ емес. Жақында, 29 маусымда жанар-жағармай тасымалдаған көліктен тағы да өрт шықты. Бұл бақылау-өткізу пунктінің шлагбаумынан 30 метр жерде болды. Volkswagen Transporter шағын автобусы өртенді.
"Оқиға бақылау-өткізу пунктінің алдында болды. Бос орын болғандықтан, қалған көліктер тез арада өрт аймағынан шыға алды. Көлікке жанармай шамадан тыс құйылған соң өрт болды. Алдын ала болжам бойынша, ағып тұрған канистр өртке себеп болды. Одан бензин ағып, салонға төгіліп кеткен. Жүргізуші көлікті оталдырған кезде ұшқын пайда болып, бір секундта жалын бүкіл көлікті шарпыды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші дер кезінде көлікті тастап үлгерген, бірақ көліктен түк қалмады", - деп қосты ол.
Нысанов мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жанар-жағармай ағып жатқан көліктерді тексеру үшін шекара отрядтарын жіберіп жатыр.
"Олар кезекте тұрған көліктерді тексеріп, жанармайы ағып жатқан көліктерді БӨП-тен өткізбейтінін ескертеді. Өйткені бақылау бекетіне 15-тен 20-ға дейін көлік кіреді, олар жақын тұрғандықтан өрт болған жағдайда қайта шығу қиын болады. Ал көптеген көлік жанар-жағармайды толтырып алатынын ескерсек, оның салдары ауыр болуы мүмкін.
Жанар-жағармай жұмысшылары 6-10 мың теңге үшін өз өмірін ғана емес, жазықсыз жандардың да өмірін қатерге тігеді. Біз олармен үнемі профилактикалық сұхбаттар жүргіземіз, бірақ, өкінішке қарай, пайдаға деген құштарлық естен тайдырады", - деп қосты Қордай бақылау-өткізу пунктінің басшысы.
Еске салайық, жаздың басында Қордай шекарасында автокөлік жүргізушілері бірнеше шақырым кезекте тұратын. Адамдар Қырғызстанға бензин тасығаны белгілі болды, себебі онда жанармай әлдеқайда қымбат. Бағада айырмашылық болған соң кей адамдар осылай қосымша ақша тауып жүрген. Жогорку Кенеш депутаты Ырысбек Атажановтың айтуынша, күн сайын 500-ге жуық қырғызстандық көлік Қазақстанға барып, жанар-жағармай материалдарын шығарады.
Кейін Қазақстанның салық қызметі жақын арада автомобильдерге шекараны бірнеше рет өтуге тыйым салынатынын мәлімдеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!