Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 3-ші отырысының қорытындысы бойынша 10 миллиард доллардың келісіміне қол қойылды, - деп хабарлайды Primeminister.kz.
Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 3-ші отырысының қорытындысы бойынша 10 миллиард доллардың келісіміне қол қойылды, - деп хабарлайды Primeminister.kz.
Оның ішінде "Қазақтелеком" АҚ мен China Telecom Global Limited арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мен "Sinopec" корпорациясы арасында өзара түсіністік меморандумы; "Kazakhstan Petrochemical Industries, Inc" ЖШС мен China National Chemical Engineering Co. Ltd арасында Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы бойынша ЕРС-келісімі; түсті металлургия (мыс өндіру) Индустриялық паркі жобасы бойынша "Central Asia Gold corporation" ЖШС мен Shenyang Lianli Copper компанияларыны басшылары қол қойған меморандум бар.
Келісімшарттар ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің Қытайдағы сапары барысында жасалды. "Елдерімізді жақындастыратын бірнеше маңызды бағдарламалар бар. Біріншісі - ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстанға сапары барысында жариялаған "Бір белдеу - бір жол" бағдарламасы. Екіншісі - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұрлы жол" бағдарламасы. Осы екі бағдарлама бірін-бірі толықтырады деп есептейміз. Іскерлік Кеңес пен кәсіпкерлеріміздің табысты қызметі осы екі бағдарламамен байланысты", - деді Кәрім Мәсімов.
Сонымен қатар, ол өткен жылдың желтоқсанында ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьері Ли Кэцяннің Астанаға сапары барысында Іскерлік Кеңестің кезекті отырысы өткенін еске салды. "Онда өнеркәсіптік қуаттылықтарды Қытайдан Қазақстанға көшіру бағдарламасы туралы түбегейлі шешім қабылданды. Бір жыл өткен соң осы бағдарламаның тиімді жұмыс жасап жатқандығын көріп отырмыз. Бүгін Іскерлік Кеңес аясында және ертең ҚХР Мемлекеттік кеңесі премьерімен келіссөздер қорытындысы бойынша нақты кәсіпорындар құру туралы құжаттарға қол қойылады", - деді Үкімет басшысы.