Қазақстан Президенті VI шақырылымындағы Парламенттің міндеттерін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Астанада ел Президентінің қатысуымен Парламент палаталарының біріккен жиналысы өтіп жатыр.
Қазақстан Президенті VI шақырылымындағы Парламенттің міндеттерін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Астанада ел Президентінің қатысуымен Парламент палаталарының біріккен жиналысы өтіп жатыр.
Қазақстан Президенті алтыншы шақырылымдағы Парламенттің заң шығару жұмысына қатысты бірқатар маңызды міндеттерді атады.
"Біріншіден, барлық қаржы үдерістерінің жариялылығын қамтамасыз ететін бірыңғай салық және кеден кодексін қабылдау керек. Екіншіден, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексті қабылдау арқылы осы саладағы қатынастарды реттейтін барлық нормалар бір заңда шоғырландырылады. Үшіншіден, қолданыстағы электр энергетикасы мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бұл энергия таратушы ұйымдарды ірілендіру үдерісі үшін керек. Төртіншіден, монополияға қарсы саланы реформалаудың екінші кезеңі аясында бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн. Бесіншіден, мемлекеттік қызметтерді бәсекелі ортаға беру саласындағы заңнаманы жаңғырту керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттары заң шығару үдерісінде Парламент Сенатымен арадағы сындарлы өзара іс-қимыл дәстүрін жалғастыратынына сенім білдірді.
"Мәжілістің жалпы өкілеттік мерзіміне арналған заңнамалық жұмыстардың перспективалық жоспарын әзірлеу маңызды міндет болып саналады. Жаңа ахуал жағдайында Парламенттің және оның палаталарының қоғамдық саяси рөлі мен жауапкершілігі артып отырғанын айрықша айтқым келеді. Парламентшілердің партияаралық өзара іс-қимылын күшейтіп, барлық фракциялар мен депутаттық топтардың үйлесімді жұмысына қол жеткізу керек. Қазақстан депутаттарының халықаралық парламентаралық қоғамдастыққа белсене қатысуы да маңызды міндет. Жаңа депутаттар жұмысқа жедел қосылатынына, ал бұрынғы құрам депутаттары сабақтастықты қамтамасыз етіп, "жаңа арнаға" жедел көшетініне сенімдімін", - деді Қазақстан Президенті. Іс-шара барысында Парламенттің жаңадан сайланған депутаттары ант берді.
Еске салайық, 24 наурызда Орталық сайлау комиссиясы Мәжілістің VI шақырылымдағы жаңа құрамын бекіткен болатын. Осыған дейін "Нұр Отан" партиясының атынан 84 мәжілісменнің аты-жөндері аталған еді. Сонымен қатар, Қазақстан коммунистік партиясынан жеті адам және "Ақ жол" партиясынан жеті адам бекітілген болатын. 21 наурызда ҚХА-дан тоғыз депутат таңдалған еді.