Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшылары бір-бірін қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Қазақстан мен Қатар халықтарының өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.
Тараптар екіжақты байланыстардың даму перспективаларын жан-жақты талқылап, көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бейілді екенін нақтылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни қазақ-қатар кооперациясын жаңа мазмұнмен толықтыруға қажетті ресурстар мен зор әлеует бар екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті екі елдің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы қарым-қатынастарды жандандыруды және бірлескен инвестициялық жобалардың жекелеген тізімін жасақтауды ұсынды. Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, сондай-ақ, қаржы және банк секторын атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды нақтылау үшін Қатар Әмірін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Шейх Тамим Әл Тәни Доханың Қазақстанмен көпжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Қатар Әмірінің пікірінше, екіжақты байланыстардың өзіндік қозғаушы күші болатын бірнеше ірі инвестициялық жобаларды дайындау керек.
Келіссөздер барысында екі ел үкіметтерінің COVID-19 індетінің таралуына қарсы күресте қабылдап жатқан шаралары арнайы сөз болды. Қатар Әмірі COVID-19
індетіне қарсы екпе дайындаудағы қазақстандық ғалымдардың жетістіктерін жоғары бағалап, бұл Қазақстанның өз вакцинасын жасап шығарған он мемлекеттің және ғылыми әзірлемесін тіркеген бес елдің қатарына кіруге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Әңгімелесу соңында шейх Тамим Әл Тәни Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!