Қазақстанда 10 мыңға жуық ауыл тұрғыны "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасына қатысуға ниет білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда 10 мыңға жуық ауыл тұрғыны "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасына қатысуға ниет білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бағдарлама жөнінде биыл 16 наурыз және 6 сәуір аралығында жүргізілген түсіндіру жұмысының нәтижесі бойынша, жұмыссыздар, өздігінен өнімсіз жұмыспен қамтылған, ауылдық жерлерде тұратын әлеуметтік аз қамтылған тұлғалардың қатарынан 9 мың 957 қазақстандық азамат осы бағдарламаға қатысуға ниет білдірді.
"Жұмылдыру топтарының көмегімен тағы 1560 азамат бағдарлама шеңберінде бос жұмыс орындарына орналасты. Бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендердің басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысынан - 6 мың 409 адам, Алматы облысынан - 1 мыңға жуық адам және Астана қаласынан - 377 азамат. Бүгінгі таңда жұмылдыру топтарымен республиканың 124 ауданының 252 ауылдық округі, жоспарланған санның 60 пайыздан астамы қамтылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жалпы Қазақстан бойынша құрамында 441 қызметкері бар 178 жұмылдыру тобы құрылған. Жұмыссыздық деңгейі жоғары, өздігінен өнімсіз жұмыспен қамтылған, әлеуметтік аз қамтылған тұлғалары көптеп саналатын, сондай-ақ халықтың "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасына қатысу деңгейі төмен 181 ауданның 404 ауылының тұрғындарын қамту жоспарланып отыр. Жұмылдыру топтарының жұмысы биыл 15 сәуірге дейін жалғасады.