Көлік министрлігі ақылы жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрыққа қол қойылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңа өзгерістер ақылы жолдарды пайдаланушылар үшін төлем жасау тәртібін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған. Сондай-ақ жолақысын уақытында төлемеген жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартылу жағдайларын азайтуды көздейді.
Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын жеті күнтізбелік күн ішінде төлемеген жағдайда, сегізінші күні материалдар Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне сәйкес қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін.
"Енді жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады. Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі", - делінген хабарламада.
Аталған өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерімен жүргені үшін төлем жасауға жүргізушілерге қосымша уақыт береді.
Қол қойылған бұйрық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!