Қазгидрометте 2016 жылға арналған ауа мониторингісінің қорытындылары шығарылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазгидрометте 2016 жылға арналған ауа мониторингісінің қорытындылары шығарылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Энергетика министрлігі "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2016 жылғы экологиялық мониторингтің қорытындысын шығарды. Бір жыл ішінде 46 елді мекенде мониторинг жүргізіліпті, олардың 27 елді мекені ластанудың төменгі деңгейіне, 10 елді мекен ауа ластану деңгейінің көтеріңкі класына және 9 елді мекен жоғары деңгей класына жатқызылған.
Ластанудың жоғары деңгейдегі қалалары: Алматы, Астана, Ақтөбе, Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды, Шымкент және Ақай ауылы.
Ластанудың көтеріңкі деңгейіндегі қалалар: Жаңатас, Өскемен, Риддер, Қызылорда, Тараз, Семей, Шу, Петропавл және Глубокое, Бейнеу елді мекендері;
Ластанудың төменгі деңгейіндегі қалалар: Түркістан Талдықорған, Степногорск, Ақсай, Көкшетау, Құлсары, Саран, Кентау, Ақсу, Жаңаөзен, Зырян, Рудный, Екібастұз, Қостанай, Павлодар, Орал, Ақтау, Атырау, Қаратау және Березовка, Январцево, Қордай Төретам, Қарабалық елді мекендері мен Щучинск-Бурабай шипажай аймағы.
"Атмосфералық ауа жай-күйіне бақылау республиканың ірі қалалары мен өнеркәсіп орталықтарында жүргізіледі. Қазіргі уақытта атмосфералық ауа жай-күйіне бақылау 46 елді мекендегі 140 бақылау бекетінде, соның ішінде 56 сынамаларды қолмен іріктеу бекетінде және 84 автоматты бекетте жүргізіледі. Сондай-ақ, бақылау 14 жылжымалы зертханалардың көмегімен жүзеге асырылады", - дейді "Қазгидромет" өкілдері.
Мамандардың мәліметінше, 2015 жылмен салыстырғанда атмосфералық ауа ластануының деңгейі Ақсай, Екібастұз, Степногорск, Риддер және Өскемен қалаларында төмендеп, оң динамикасы бар.
Жеті қалада: Ақтөбе, Астана, Балқаш, Петропавл, Шу, Қызылорда, Жаңатас және Ақай ауылында атмосфералық ауа ластануының деңгейі 2015 жылмен салыстырғанда өскен.
Басқа елді мекендерде ластану деңгейі 2015 жылғы деңгейде қалып отыр екен.
2016 жыл бойы атмосфералық ауаның жоғары ластануының (ЖЛ) 2828 жағдайы және төтенше жоғары ластанудың (ТЖЛ) 550 жағдайы мына қалаларда: Ақтөбе, Балқаш, Қарағанды, Петропавл және Теміртау.
"Тіркелген ТЖЛ мен ЖЛ әрбір жағдайында, қажетті шаралар қолдану үшін ҚР Энергетика министрлігі хабардар етілді. ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен себептері анықталып, шаралар қабылданды. Осылайша, Ақтөбе қаласының әкімі Бердібек Сапарбаевпен 2015-2017 жылдары кезеңіне Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді", - делінген хабарламада.
Петропавл қаласында атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластану көзі, "Қызылжар су" ЖШС теңгерімінде тұрған, "Биопруд" сарқынды сулар жинақтаушысы болып табылатындығы анықталды. Атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластану бойынша анықталған бұзушылықтар үшін айыппұл түріндегі әкiмшiлiк жаза қолданылды, сондай-ақ, экологиялық заңнаманың бұзушылығын жою, соның ішінде алдағы уақытта атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластануын болдырмау бойынша ұйғарым берілді.
Балқаш қаласының атмосфералық ауасының бір реттік ластануының себебі қала канализациясының ағынды сулары, ал жаз айларында - жануарлар қалдықтарының шіруі болып табылады.
Қарағанды қаласында автотұрақ, қоймалар және тұрғын үйлер орналасқан, станция ауданында артулар тіркелген. Атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен бір реттік ластануының себебі - автокөліктер шығаратын жоғарғы концентрация мен қалалық тазарту жұмыстарын (сенбіліктер) жүргізу барысында жиналған қоқыстарды өртеген уақыт екен.
Мамандардың айтуынша, жүргізілген радиациялық мониторинг бойынша радиациялық гамма-аяның орташа мәндері мен Қазақстан Республикасы елді мекендері бойынша атмосфераның жерге жақын қабатының радиоактивті түсімдерінің орташа тәуліктік тығыздығы шекті-рұқсат етілген деңгейден аспаған.