Қазақстанда бүкіл бақылау кезеңіндегі рекорд ауа температурасы тіркелді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанда бүкіл бақылау кезеңіндегі рекорд ауа температурасы тіркелді Фото:depositphotos.com

Қазақстанда 2026 жылғы ақпанда ауа райы құбылмалы болды. Өңірлердің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–6 градусқа жоғары болды, сонымен қатар жауын-шашын мөлшері әдеттегіден айтарлықтай көп түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz "Қазгидрометке" сілтеме жасап.


Қазақстанда 2026 жылғы ақпанда ауа райы құбылмалы болды. Өңірлердің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–6 градусқа жоғары болды, сонымен қатар жауын-шашын мөлшері әдеттегіден айтарлықтай көп түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz "Қазгидрометке" сілтеме жасап.

Жауын-шашын мөлшері нормадан көп түсті

Ақпанның басында Қазақстан аумағында циклон белсенді болғаны байқалды. Атмосфералық фронттар салдарынан қар қарқынды жауды.

Мәселен, 6 ақпанда Астанада бір тәулікте 23 миллиметр жауын-шашын түсті. Айлық норма 17 миллиметр болса, небәрі бір күннің ішінде норманың 135 пайызынан асты. Ақкөлде 21 миллиметр жауын-шашын тіркелді. Бұл ретте норма 16 миллиметр болған.

Түркістан облысында 9–10 ақпан аралығында Ащысай станциясында 91 миллиметр жауын-шашын түсті, бұл айлық нормадан (74 миллиметр) 23 пайыздан астамға көп.

19 ақпанда Абай облысында да айтарлықтай жауын-шашын тіркелді - норма 7 миллиметр болса, 15 миллиметр жауын жауды.

Ақпандағы температуралық рекордтар

Айдың басында елдің оңтүстік және шығыс өңірлері оңтүстіктен келген жылы ауа массалары ықпалында болды. Бұл жаңа температуралық рекордтардың орнауына әкелді.

2 ақпанда Шымкентте температура +15,6 градусқа жетіп, 2021 жылғы рекордтан (+14,5 градус) асып түсті. 4 ақпанда Қызылордада +13,4 градус, ал Түркістанда +17,5 градус тіркелді. Павлодарда 6 ақпанда температура +2,8 градусқа дейін, ал Өскеменде +4,7 градусқа дейін көтеріліп, бұл көрсеткіштер де жаңа максимумдарға айналды.

Ақпанның екінші онкүндігінде де рекордтар жалғасты. 14 ақпанда Ақтауда температура +17,2 градус болып, 2024 жылғы рекордтан (+14,1 градус) асты, 17-18 ақпанда Ақтауда температура +11,4 градусты құрап, бұл 1978 жылғы көрсеткіштен жоғары болды.

Сондай-ақ 18 ақпанда үш станцияда рекордтық көрсеткіштер жаңарды: Павлодарда +3,4 градус тіркеліп, бұл 1983 жылғы алдыңғы рекордтан (+0,5 градус) асып түсті; Семейде термометр бағаны +5,6 градусқа жетіп, 1943 жылғы температуралық максимумнан (+3,3 градус) жоғарылады; Көкшетауда +0,8 градус көрсеткіші тіркеліп, 1978 жылғы рекордты (+0,1 градус) жаңартты.

19 ақпанда Алматыда тарихи максимум орнады - +23,6 градус, бұл 1859 жылдан бергі бүкіл бақылау кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш болды.

Ай соңындағы суық антициклон

Ақпанның үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағына суық антициклон келіп, жауын-шашынсыз тұрақты аязды ауа райы орнады.

Солтүстік және шығыс өңірлерде ауа температурасы -30…-39 градусқа дейін төмендеді. Дегенмен, минималды мәндер бойынша абсолютті рекордтар тіркелген жоқ.

Ақпандағы ауа райының қорытындысы

Жалпы алғанда, синоптиктер мәліметінше, 2026 жылғы ақпан Қазақстанда аномальді жылы мен қатты аязды ұштастырған ауа райының құбылмалылығымен ерекшеленді. Жауын-шашын нормадан 1,3–6 есе көп түсті, ал температураның ауытқуы айтарлықтай болды.

Астанада бір айдағы орташа температура -11,4 градус болды, бұл нормадан 2,2 градусқа жоғары. Ең жоғары температура 18 ақпанда (+2,1 градус), ал ең төменгі көрсеткіш 27 ақпанда (-28,7 градус) тіркелді.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 481.95   552.93   5.68 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети