Қазақстанда дәрігерлер мен мұғалімдер қызылшаға қарсы екпеге байланысты оқудан өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда дәрігерлер мен мұғалімдер қызылшаға қарсы екпеге байланысты оқудан өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы саны 4 мыңнан аса медициналық қызметкер, мектеп директоры мен олардың орынбасарлары және мұғалімдер оқудан өткен. Оқу барысында вакцинадан кейінгі клиникалық жағдайларға, болуы ықтимал асқынуларға, екпеден кейінгі жанама көріністер мен кездейсоқ сәйкестіктерге ерекше көңіл бөлінген.
"Биыл наурыздың 26-сы мен 4-ші сәуір аралығында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы даярлаған, медициналық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының профессорлық-оқытушылар құрамынан жасақталған мамандар еліміздің барлық өңірлерінде медициналық қызметкерлер мен педагогтарға арналған қызылшаға қарсы қосымша иммундау шарасы бойынша 32 оқыту семинарын өткізді. Семинарлардың бағдарламасы қызылшаға қатысты республикадағы және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал, балалар мен ересектер арасында аурудың клиникалық ерекшеліктері, медициналық қызметкерлер, ата-аналар мен балалар арасында коммуникативтік машық мәселелерін қамтыды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүкіл әлемдегі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен 15 және 19 жас аралығындағы тұлғаларды қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялаудан өткізу туралы шешім қабылданған болатын.
Алайда, иммунизациялау барысында республиканың 5 облысында жасөспірімдерді қызылшаға қарсы вакциналаудан кейін 396 өтініш тіркелді. Жасөспірімдердің 264-і ауруханаға жатқызылып, барлығы емделіп шықты. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 19 ақпандағы қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау тоқтатылған болатын және 2 наурыздағы қаулысымен иммунизациялауды тоқтатудың мерзімі 4 мамырға дейін ұзартылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда қызылшаға қарсы екпенің зерттеу қорытындысының шыққаны хабарланған болатын. Қорытындыға сәйкес, Қазақстандағы қызылшаға қарсы вакцинаның физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері нормативтік талаптарға сай екені анықталды.