Мемлекет басшысы Қазақстанда цифрландыруды дамыту туралы заңға қол қойды. Цифрлық даму министрлігі өкілі норманы енгізу қандай өзгеріс әкелетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстанда цифрландыруды дамыту туралы заңға қол қойды. Цифрлық даму министрлігі өкілі норманы енгізу қандай өзгеріс әкелетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство өкілі цифрлық трансформация азаматтар мен бизнестің, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі және мемлекеттік аппарат жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығынды қысқартуға мүмкіндік беретінін айтты.
"Заң аясында мемлекеттік басқаруды цифрландыру кезінде бірыңғай платформа тәсілін қамтамасыз ететін "электрон үкіметтің" бірыңғай архитектурасын (мемлекеттік органдар мен әкімдіктер архитектураларының орнына) енгізу ұсынылды", - деді ведомство өкілдері.
Сонымен қатар, заң аясында азаматтар мен бизнес өкілдерінен ақпарат жүйелерінде бар мәліметті талап етуге тыйым салынды.
"Бұл өзгерістер мекемелерге құжаттардың қағаз баламасын, көшірме жасауға кететін уақыт пен ақша шығынын және ұсыну қажеттігін болдырмайды", - деді ЦДИАӨМ қызметкерлері.
Заң электрон құжаттарды қағаз құжаттарға балама деп бекітті.
"EGov mobile цифрлық құжат сервисінің қолдану аясы кеңейтілді. Әрбір азамат eGov mobile бағдарламасын өз смартфонына жүктей алады, бұл қағаз құжаттарды алып жүрмеуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді министрліктегілер.
Сондай-ақ, министрлік заңмен азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу куәліктерін беру тәртібі өзгертілгенін хабарлады.
"Енді туу, неке, ажырасу, қайтыс болғаны туралы куәліктер мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін азаматтың Еgov-тағы жеке кабинетіне түседі. Бұл ретте куәліктердің қағаз нұсқасын алу құқығы өтінішхат берілген жағдайда сақталады", - делінген хабарламада.
Президент қол қойған заң мынадай мүмкіндік береді:
- мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтар мен бизнес үшін түрлі шығынды азайтуға;
- ауыл мен қала тұрғындарының цифрлық теңсіздігін төмендетуге;
- мемлекеттік аппаратты ұстауға жұмсалатын шығындарды қысқартуға;
- қабылданатын басқарушылық шешімдер тиімділігін арттыруға;
- ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге;
- мемлекеттік органдардың қайталанатын функцияларын қысқартуға.
Еске салайық, 15 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойған болатын.
Ал бір күн бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанда цифрландыру ісі баяу және нашар жүріп жатқанын айтқан еді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!