Қазақстанда жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі кампания 15 қарашада аяқталады. Науқанның мақсаты - қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, бұл шара рынокқа жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі.
"Былтырғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық азамат емхана таңдау құқығын пайдаланған болатын. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден екі есе көп және тіркеу кампаниясына деген қызығушылықтың артқанын, азаматтардың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын білдіреді", - деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова.
Отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек мұның маңызы арта түседі. Себебі бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді.
Оған қоса, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отыр. Ол бойынша 1 жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бізде бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсететін.
"Бұл жаңа учаскелердің ашылуына түрткі болады деп үміттенеміз және бұл мәселеде медицина бизнесі өкілдері белсенділік танытады деп сенеміз. Былтырғы жылдың өзінде қормен келісімшарт бекіткен жеткізушілер саны едәуір артты. Қазіргі таңда Қордың жеткізушілер тізімінде 1365 медицина ұйымы бар. Оның 623-і - жеке меншік. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал, 2019 жылы олардың саны тағы 10 пайызға артады деген болжам бар", - деді МСҚ стратегия және әдіснама жөніндегі басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов.
"Азаматтар үш түрлі жолмен, яғни, таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады", - деді МСҚ медициналық көмекті пайдаланушылармен жұмыс және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Забира Оразалиева.
Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал, egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің Жеке кабинетіне жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін пайдалануға болады.
Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы "Клиника таңдау" бөлімінде орналасқан. Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысып жатыр.