"QazaqGaz" Ұлттық компания" басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Қазақстанда газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру қажет екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Самұрық-Қазына" қорының қоғамдық кеңесінің отырысында Жамауов тауарлық газдың көтерме бағалары біртіндеп өскеніне қарамастан, Қазақстанда табиғи газ тарифтері төмен екенін хабарлады.
"Тіпті жақында 33 пайызға түзетілгенін ескерсек те, ішкі нарықтағы жыл сайынғы субсидия шамамен 200 миллиард теңге болады", - деді ол.
Оның сөзінше, кейінгі жылдары газ бағасының өсуі әлеуметтік маңызы бар көптеген тауар бағасының өсуінен төмен болған. Кейінгі он жыл ішінде қазақстандықтардың коммуналдық төлемдеріндегі газ шығынының үлесі 6,4 пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеген.
"Тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды іске асыру және инфрақұрылымды дамыту үшін көтерме бағаны біртіндеп өзіндік құны деңгейіне дейін жеткізу қажет. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, Қазақстанның барлық өңірін газбен қамтуды қамтамасыз етеді", - деп түсіндірді Жамауов.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!