Атырау облысында жоғалған отбасына қатысты жаңа дерек шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықовтың айтуынша, бұл іс бойынша расталмаған түрлі ақпарат тарап кеткен.
"25 желтоқсанда төрт адам жоғалғаны туралы ақпарат түскен сәттен бастап еліміздің аумағында кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес екі немесе одан да көп адам жоғалуы "Адам өлтіру" бабы бойынша сараланады. Осыған байланысты қазір жоғалған отбасының орналасқан жерін анықтау және оларды табу мақсатында жедел іздестіру және тергеу іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр", - деді ПД өкілі.
Тергеу аясында медициналық мекемелер, оның ішінде жекеменшік клиникалар да тексеріліп жатқаны белгілі болды.
"Жоғалған адамдардың ұялы телефондарынан сигналдар Қазақстан аумағында бірнеше рет тіркеліп, қосылып-сөндірілгені анықталды, соңғы тіркелген дерек Шымкент қаласында болған. Іздестіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы жедел тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің мамандары да жұмылдырылды", - деді өңір полициясы.
Сонымен қатар, ведомство мәліметінше, қазір бұл отбасының кіші қызы мен күйеу баласы шет мемлекетте жүргені анықталған.
"Алайда туыстары олардың жоғалуына байланысты арыз түсірмеген. Соған қарамастан құқық қорғау органдары тексеріс жұмыстарын бастады", - деді полиция.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында жоғалған отбасы әлі де іздестіріліп жатқаны хабарланды. 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.
Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылының тұрғындары қарашада өз үйлерінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған.
Кейінірек әлеуметтік желілерде "Атырау облысында із-түссіз кеткен отбасының тағы екі мүшесі жоғалғаны" туралы ақпарат тарады. Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жауабына сүйенсек, бұл ақпарат ресми түрде тіркелмеген, қазір тексеріліп жатыр, туыстары арыз түсірмеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!