12 наурыздан бастап Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Түзетулер мемлекеттік жүйелерді цифрландырум және заманауи технологияларды пайдаланумен байланысты, - деп хабарлайды TengriAvto.
Негізгі жаңалық — құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу мүмкіндігі кеңейеді. Бұл ретте ережелер мен тыйымдар өзгермейді: тек құқықбұзушылықтарды анықтау тәсілдері өзгереді.
Не өзгереді?
Енді әкімшілік құқықбұзушылықтар камера, басқа техникалық құрылғылар және мемлекеттік жүйелердегі деректерді өңдеу арқылы автоматты түрде тіркеледі.
Егер жүйе құқықбұзушылықты тіркеп, құқықбұзушыны анықтай алса, ол полиция қызметкерінің қатысуынсыз жауапқа тартылады.
Осындай барлық жүйе Әкімшілік өндірістердің бірыңғай реестрімен интеграцияланады.
Қандай құқықбұзушылықтар автоматты түрде тіркеледі?
Камералар бұрынғыдай негізгі жол қозғалысы ережелері бұзылғанын тіркейді:
- жылдамдықты асыру;
- бағдаршамның қызыл түсі жанғанда өту;
- жол белгілері мен таңбаларын бұзу;
- дұрыс тоқтамау немесе тұраққа қою;
- жаяу жүргіншілерге басымдық бермеу.
Сонымен қатар қазіргі камералар арнайы өлшемді қажет етпейтін басқа ереже бұзу жағдайларын да тіркей алады:
- көлік тізгінінде телефон қолдану;
- қауіпсіздік белдігін тақпау.
Жүйе кейбір құқықбұзушылықтарды мемлекеттік базалардағы деректер бойынша автоматты түрде анықтай алады. Мысалы:
- техникалық байқаудың мерзімі өткен;
- жарамды сақтандыру полисінің болмауы;
- рұқсат құжаттарының мерзімі өткен.
Құқықбұзушылық үшін кім жауап береді?
Егер құқықбұзушылық көлікті пайдалану кезінде жасалып, автоматты түрде тіркелсе, жауапкершілік көлік иесіне жүктеледі.
Дегенмен заңда ерекшеліктер қарастырылған. Егер құқықбұзушылық кезінде көлікті басқа адам басқарғаны анықталса немесе көлік заңсыз әрекеттер салдарынан оның иелігінен шыққан болса, көлік иесі жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
ІІМ не дейді?
Ішкі істер министрлігінде Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне енгізілген түзетулер технологияның дамуымен және процестерді цифрландырумен байланысты деп түсіндірді.
Бұрын автоматты режимде тек алты құқықбұзушылық түрі тіркелетін. Қалғандарын полиция қызметкерлері анықтайтын.
Енді технологиялар құқықбұзушылықтарды автоматты түрде көбірек тіркеуге мүмкіндік береді, кейбірі мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер бойынша анықталады.
Ведомствода мәліметінше, бұл өзгерістерге сәйкес жаңа тыйым енгізілмейді — заң талаптары өзгермейді.
Сондай-ақ ІІМ кейбір БАҚ-та тараған автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл жүйелер тек көлік құралдарымен байланысты құқықбұзушылықтарды тіркеуге арналған.
Министрлік цифрлық технологияларды қолдану құқықбұзушылықтарды жылдам анықтауға және жол қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі деген сенімде.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!