Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету секторын реформалау тұжырымдамасы жасалады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевқа сілтеме жасап.
Қазақстанда жылумен қамтамасыз ету секторын реформалау тұжырымдамасы жасалады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевқа сілтеме жасап.
"Қалалар мен елдімекендерді жылумен қамтамасыз ету секторын реформалау тұжырымдамасының жобасын жасау туралы шешім қабылданды. Тұжырымдама жылумен қамтамасыз ету саласын (жылу беруден тұтынушыға дейін) жүзеге асыруда біртұтас мемлекеттік саясатты қалыптастырудың негізгі бағыттарын белгілейді. Айта кету керек, жылумен қамтамасыз ететін нысандардың басым көбінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Жылумен қамтамасыз ету жүйелерінің 60 пайызының тозығы жеткен, ал кейбір аймақтарда жылу қуатын жоғалту 36 пайызды құрайды", - деді ол ҚР Парламенті Мәжілісіндегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының жанындағы өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңес отырысында.
Вице-министрдің айтуынша, жылу қазандықтарының жартысынан көбінің ПӘК (пайдалы әрекет коэффиценті) өте төмен, ол орташа 41 пайызды құрайды. Осының салдарынан жылу қазандықтарын ұстау мен қызмет көрсету ісіне қатысты шығындар көлемі ұлғайып отыр. "Мұның бәрі апаттың артуына, нысандардағы жұмыстардың іркілуіне және жылу беру маусымын сапалы өткізуде жыл сайынғы кедергілерге алып келеді", - деді ол.
Бұдан бөлек Өскенбаев қазіргі құрылған тариф жүйесі жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындарға тиімді еместігін жеткізді. "Бұл салада бағаға қатысты нарықтық механизмнің жоқтығы көрініп тұр. Жылуға қатысты тарифтің жоғарғы пайызы инфляцияның үлесіне кетіп қалуы тарифтің құрылуындағы негізгі мәселе болып отыр. Мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында қолайлы мөлшер жасалатын болады. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырудың сұлбасы жасалады. Жеке инвесторлар тартылады", - деді ол.
Сонымен қатар, ол қолға алынған шаралар нәтижесінде жылумен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру, жылу беру желілерінің 7 мың шақырымын жаңалау жоспарланып отырғандығын жеткізді.