2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда банк шоттарынан қолма-қол ақша шешудің жаңа тәртібі күшіне енді. Бұл өзгерістер кімдерге қатысты? Толығырақ - Tengrinews.kz материалында.
Не өзгерді?
Былтыр Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен қаулы қабылдаған. Соған сәйкес, кәсіпкерлер белгіленген лимиттен артық қолма-қол ақша шешкен жағдайда, оның мақсатын түсіндіруге міндетті.
Жаңа ережелер кімдерге қатысты?
Жаңа талаптар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді және:
- заңды тұлғаларға;
- жеке кәсіпкерлерге (ЖК) қолданылады.
Алайда қолма-қол ақша шешуге шектеуден ресми түрде босатылған субъектілер бар, олардың тізімін Ұлттық банк жеке бекітеді.
Ай сайынғы лимиттер
Ұлттық банк бекіткен шектеулер:
- шағын бизнеске - айына 20 миллион теңгеге дейін;
- орта бизнеске - 120 миллион теңгеге дейін;
- ірі бизнеске - 150 миллион теңгеге дейін.
Ақшаны қалай шешуге болады?
Лимит шегінде
Кәсіпкер банкке өтініш береді, банк ақшаны стандартты тәртіппен береді.
Лимиттен асқанда
Егер белгіленген мөлшерден артық сома қажет болса, кәсіпкер:
- қолма-қол ақша алу мақсатын құжаттармен дәлелдеуі тиіс (шарт, шот, тізімдеме, сатып алу актісі, инвойс, смета, бұйрық және т.б.);
- мәліметтерді мемлекеттік органдарға беруге келісімін ұсынады;
- тәуекелдерді тексеру нәтижесін күтеді.
Тексеру қалай өтеді?
Лимиттен асқан жағдайда, банк келесі жұмыс күні сағат 10:00-ге дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне:
- өтінішті,
- артық сома көлемін,
- мақсатын,
- компания деректерін,
- құжаттарды,
- келісімді жолдайды.
Мемлекеттік кірістер комитеті келесі жұмыс күнінің аяғына дейін:
- тәуекел бар болса - ақшаны беруден бас тартуға болады;
- тәуекел жоқ болса - ақшаны беруге рұқсат етеді.
Егер 3 жұмыс күні ішінде жауап болмаса, банк ақшаны беруге міндетті.
Тексеру нәтижесі 1 ай бойы жарамды. Тәуекел критерийлері жарияланбайды, құпия болып саналады.
Мемлекеттік органдар арасындағы бақылау
Қосымша бақылау да енгізілді: банктер ай сайын 10 миллион теңгеден артық қолма-қол ақша шешкен компаниялар туралы деректерді Ұлттық банкке жібереді;
Ұлттық банк бұл ақпаратты:
- Мемлекеттік кірістер комитетіне - салық және тәуекелді тексеру үшін;
- Қаржы нарығын реттеу агенттігіне - банктерді бақылау үшін жолдайды.
Мерзімдер:
- банктер - келесі айдың 15-іне дейін;
- Ұлттық банк - келесі айдың соңғы жұмыс күніне дейін;
- Мемлекеттік кірістер комитеті - сол мерзімде.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!