Қазақстанда ішімдік ішкенін немесе ішпегенін тексертуден бас тартқан жүргізушілердің жазасы қатаңдатылуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мәжіліс депутаттары "ҚР "Жол қозғалысы туралы" Заңына өзгерістер енгізу" заң жобасын талқылауға кірісті.
Қазақстанда ішімдік ішкенін немесе ішпегенін тексертуден бас тартқан жүргізушілердің жазасы қатаңдатылуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мәжіліс депутаттары "ҚР "Жол қозғалысы туралы" Заңына өзгерістер енгізу" заң жобасын талқылауға кірісті.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев қазақстандық жүргізушілерді қандай өзгерістердің күтіп тұрғанын айтып берді.
"Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінде куәландырудан бас тарту жауапкершілігі деген бар. Егер полиция қызметкері тоқтатып (жүргізушіні), адамның мас екенін анықтаса және ол куәландырудан бас тартса, онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің нормалары бойынша, куәландырудан бас тартылғаны үшін жүргізушіні көлік басқару құқығынан екі жылға айыру жазасы қарастырылған, ал мас болғаны дәлелденсе үш жылға. Жүргізушіде "жалтарушылық" болмау үшін куәландырудан бас тартқаны үшін көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі үш жылға дейін ұзартылады", - деп түсіндірді Әлібек Кеңісбаев.
Оның айтуынша, талқыланып жатқан заң жобасына тағы бір түзету енгізілді. "Бұған дейін жолаушылардың полиция қызметкерінің нұсқауынсыз көліктен түсуге құқығы жоқ деген норма болған. Бұл норма да алып тасталынды. Мұндай міндеттеме болмайды", - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.
Әлібек Кеңісбаевтың мәлімдеуінше, бұл нормалар ұсыныс ретінде аталды. "Қазір жобалық дүниелер жайында бірдеңе айтуға ерте деп есептеймін. Заң жобасы үкімет қорытындылауы кезеңінен өтуі тиіс. Біз көпшіліктің келісілген нормалар туралы білгендерін қалаймыз. Әрине, олар бойынша да талқылау болады", - деді ол.