Қазақстанда банктер енді белгілі бір сомаға несие берген кезде "ойлану кезеңін" сақтауға міндетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, егер несие сомасы бір миллион теңгеден асса, банк ақша берер алдында 24 сағаттық мерзім белгілеуге міндетті. Осы уақыт ішінде тексеріс жүргізіледі: шынымен несие алушының өзі рәсімдеп жатыр ма және ол алаяқтардың құрбаны емес пе, соны анықтау қажет.
"Егер қарыз алушы алаяқтардың ықпалында болса, ойлануға, бәрін саралап, жалған несие рәсімдеуден бас тартуға мүмкіндігі пайда болады. Егер несие бір миллион теңгеден асса, ойлану кезеңі 24 сағат болады", – деді Әбілқасымова Астанада өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.
Агенттік төрағасының айтуынша, 150-ден 250 АЕК-ке дейінгі (2025 жылы шамамен 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін) несиелер үшін қысқартылған "ойлану кезеңі" қарастырылған – 8 сағатқа дейін.
"Бұрын банк қосымшасында несиені бірнеше минут ішінде рәсімдеуге болатын. Енді 600 мың теңгеден асатын сома кезінде банктер 8-ден 24 сағатқа дейінгі мерзімді сақтауға және несиенің алаяқтық типологиясына жатпайтынын тексеруге міндетті", – деп түсіндірді ҚНРДА басшысы.
Бұған дейін қазақстандықтарға онлайн-несиелерді жаңа тәртіппен мақұлдау енгізілетіні хабарланған болатын. Атап айтқанда, жаңа ережелер бойынша клиенттің жеке басын сәйкестендіру және растау үшін мына тәсілдерді қолдануға болады:
- Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ);
- Биометриялық деректер;
- Төлем картасының деректері (нөмірі, қолданылу мерзімі, төлем жүйесі) – егер клиент бұрын жеке сәйкестендірілген болса және карта банк немесе пошта ұлттық операторы арқылы шығарылса, онымен келісім бар болса;
- Мемлекеттік деректер базасымен салыстыру;
- Клиентпен келісілген және орнатылған бірегей идентификатор.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!