Осы айда Қазақстанда бірыңғай QR-кодты іске қосу жоспарланып отыр. Оны кезең-кезеңімен масштабтау келесі аптадан басталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Ұлттық банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Алматыда екінші деңгейлі банктердің және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшыларымен кездесу өткізді.
Тараптар екінші деңгейлі банктердің банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қатысу мәртебесін, сондай-ақ мобильді аударымдар мен QR-төлемдер сервистерін енгізу бойынша алдағы қадамдарды қарастырды.
"Биылғы 7 шілдеден бастап бірыңғай QR-ды кезең-кезеңімен масштабтауды бастау және оны 2026 жылдың 19 шілдесінде толық іске қосу туралы шешім қабылданды", - делінген Ұлттық банктің ақпараттық хабарламасында.
Осылайша, 19 шілдеде Қазақстанда бірыңғай QR-код іске қосылуы тиіс. Ол клиенттерге сатушыда қай банктің QR-коды орнатылғанына қарамастан, өз банкінің қосымшасы арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Бұл процесс сейсенбіде, 7 шілдеде басталады.
Бұған дейін бірыңғай стандарт сатып алушылар мен бизнес үшін төлем жасауды жеңілдететіні хабарланған еді. Алайда нақты банктердің жүйеге қосылу мерзімі мен олардың клиенттері үшін қызметтің қолжетімділігі әртүрлі болуы мүмкін.
Еске салайық: былтыр Ұлттық банкте бірыңғай QR-код жүйесі 2026 жылдың бірінші тоқсанының аяғында толық іске қосылады деп жоспарланған болатын.
2025 жылы Парламент "Банктер және банк қызметі туралы" заңды және қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша оған ілеспе түзетулерді қабылдады. Заңда ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды - банкаралық мобильді төлемдер жүйесін және бірыңғай QR-кодты енгізу қарастырылған.