Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында мұнай өңдеу зауыты салынады. Құрылыс жұмыстарына 100 гектар көлемінде жер телімі бөлінді, - делінген жергілікті әкімдіктің сайтында.
Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында мұнай өңдеу зауыты салынады. Құрылыс жұмыстарына 100 гектар көлемінде жер телімі бөлінді, - делінген жергілікті әкімдіктің сайтында.
"Жұмыстарды "Абылайхан" компаниясы жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда жер телімдері де бөлінді: 100 гектар зауыт құрылысына арналса, 70 гектар үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға бөлінді. Бұл жерде спорт кешені, медициналық бекеті және сауда орталығы бар шағын қалашық салу жоспарланып отыр", - деді Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин.
МӨЗ құрылысына арналған қаражатты сингапурлық фирма инвестициялап отыр.
"Қазіргі таңда барлық жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамада. Қорытынды алынған соң бірден зауыттың құрылысы басталады. Зауыт аудан орталығы Атасу кентінен алты шақырым жерде орналасатын болады. Зауыт пен қалашықты екі жыл көлемінде салу көзделіп отыр. Қүрылыс жұмыстарына 1500 адам жұмылдырылады. Өндірісті іске қосқан соң тұрақты жұмыспен 500 адам қамтамасыз етіледі", - деді Юржан Бекқожин.
Еске салайық, биыл көктемде Қарағандыда Сингапурдан келген инвесторлармен жалпы сомасы 300 миллиард теңгені құрайтын келісімшарт жасалған болатын. Алдын ала есептеулер бойынша, зауытта жылына 1 миллион тоннаға дейін мұнай өңделетін болады.