Қазақстанда зейнетақы жинақтарына қатысты жаңа ереже енгізіледі: БЖЗҚ түсіндірмесі

Қазақстанда зейнетақы жинақтарына қатысты жаңа ереже енгізіледі: БЖЗҚ түсіндірмесі Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарын қорғау ережесі өзгереді. Мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының шотқа нақты түскен сомасына ғана кепілдік береді. Ал бұл қаражаттың инфляция салдарынан құнсыздануы енді өтелмейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz қордың ресми сайтына сілтеме жасап.

Не өзгереді?

Қазір мемлекет инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік береді.

Жарнама
Жарнама

Яғни, егер БЖЗҚ-да ақша сақталған кезеңде баға өсімі жинақтардың инвестициялық табысынан жоғары болса, мемлекет пайда болған айырманы өтейді.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл тетік жойылады. Мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының нақты енгізілген сомасының сақталуына ғана кепілдік береді.

Қарапайым тілмен айтқанда, егер адамның зейнетақы шотына белгілі бір сома аударылса, мемлекет сол соманың сақталуына кепілдік береді. Бірақ оның бағаның өсуіне байланысты құнсыздануын енді бөлек өтемейді.

Ереже неге өзгереді?

БЖЗҚ мәліметінше, бұл өзгерістер қазақстандықтарға өз зейнетақы жинақтарын дербес басқаруға мүмкіндік берілуіне байланысты енгізіліп отыр.

2026 жылғы қыркүйектен бастап салымшылар міндетті зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға бере алады. Қазір оларға жинақтың 50 пайызынан аспайтын бөлігін ғана беруге рұқсат етілген.

Қазақстандықтар қаражатын Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады немесе оны бір не бірнеше жеке компанияға сеніп тапсыра алады. Әр компанияның өз шарттары, тәуекел деңгейі және күтілетін кірістілігі болады.

Осылайша, азамат өз зейнетақы қаражатын кім басқаратынын және инвестициялық стратегияның тәуекел деңгейі қандай болатынын өзі таңдай алады.

Басқарушы компанияның табысы тым төмен болса не болмақ?

Жеке басқарушы компаниялар қызметін мемлекет бақылайды.

Әрбір компания үшін кірістіліктің ең төменгі деңгейі белгіленеді. Егер нәтиже осы деңгейден төмен болса, басқарушы компания айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Бұл ретте мемлекеттің нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарына беретін кепілдігі сақталады.

Жинақтарды қалай тексеруге болады?

Зейнетақы қаражатын кім басқарғанына қарамастан, Ұлттық банк пе, әлде жеке компания ма, БЖЗҚ қазақстандықтардың зейнетақы шоттарын жүргізуді жалғастырады.

БЖЗҚ арнайы сайтында жинақ көлемін білуге және басқарушы компаниялардың жұмыс нәтижелерін салыстыруға болады.

Қазақстандағы зейнетақы реформасы

Маусымда Еңбек министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі ықтимал өзгерістер туралы айтқан болатын.

Кейін зейнетақы реформасы туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Үкімет пен Ұлттық банк тиісті тәсілдерді әзірлеп жатыр.

Тағы оқыңыз: Тұрғын үй сатып алуға арналған зейнетақы жинақтары: Қазақстан Сингапурдан үлгі алуы мүмкін

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама