Қазақстанда зейнетақы төлемдері мен мұрагерлердің құқықтарына қатысты ережелердің бірі өзгерді. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа норма ресми түрде күшіне енді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұрын зейнетақы аннуитетін алып жүрген адам қайтыс болса, оның жинаған ақшасы артында қалған отбасына толық берілмейтін. Мұрагерлері ол ақшаны тек ай сайын, тиын-тебендеп, жылдарға созылып қана ала алатын. Қалған бүкіл ақшасын, бірден алу заң жүзінде мүмкін емес еді.
"Енді біз бұл ережені өзгерттік. Отбасыларға таңдау бердік. Егер зейнетақы аннуитеті бойынша шотта ақша қалса, мұрагерлер оны бұрынғыдай ай сайын бөліп алуды жалғастыра береді немесе қалған барлық соманы бір-ақ күнде, бірден толық алып кете алады. Бұрынғыдай тек бір ғана қатал шектеу жоқ, таңдау - отбасының өз қолында", - деп жазды Аймағамбетов Telegram-арнасында.
Депутаттың айтуынша, зейнетақы аннуитеті жүйесі адамдарға ыңғайлы әрі икемді бола түсті.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткілікті шек едәуір көтерілген болатын. Біз ақшаның бір бөлігін шешіп алу үшін енді қанша жалақы алу керек екенін есептеп көрдік. Толығырақ мына материалдан оқыңыз.