Энергетика министрлігі Қазақстанда салынатын атом электр станциясының (АЭС) әлеуетті мердігерлерінің қысқа тізіміне енген компанияларды атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан атом электр станциясына қатысушы вендорлерді ұлттық мүддені ескере отырып таңдайды.
Министрлік атом электр станцияларын салу технологияларын әлеуетті жеткізушілермен бәсекелестік диалогын аяқтағанын мәлімдеді.
"Росатом" мемлекеттік корпорациясы, KHNP (Корея), CNNC ( Қытай) және EDF (Франция) компаниялары Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енді", - деп жазылған хабарламада.
21 қаңтарда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барған. Бұл сапар тендерге қатысушылардың ұсыныстарын бағалауға бағытталған келіссөздердің соңғы кезеңі болған.
2024 жылғы қазаннан желтоқсанға дейін Корея Республикасына, Франция Республикасына және Қытай Халық Республикасына осындай сапарлар жасалған.
"Жобаны жүзеге асыру үшін жеткізушіні немесе консорциумды таңдау туралы соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Ол 2025 жылы Қазақстан ұлттық мүдделерін, халықаралық нормалар мен міндеттемелерді ескере отырып қабылданады", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Еске салайық, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте АЭС құрылысын тездетуді тапсырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!