Бас прокуратура 2024 жылдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейінің өсуі байқалған Қазақстан өңірлерін атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, жалпы қылмыстың 5,3 пайызға (140 272-ден 132 778-ге) төмендеуінің оң динамикасы байқалады.
Бұл ретте, Маңғыстау облысында 12,2 пайызға (3097-ден 3474-ке), Атырау облысында 8,5 пайызға (4283-тен 4647-ге), Павлодар облысында 5,6 пайызға (5039-дан 5322-ге), Қызылорда облысында 4,6 пайызға (2871 - 3003), Ұлытау облысында 2,8 пайызға (1278-ден 1314-ке), Алматы облысында 1,6 пайызға (10223-тен 10385-ке) және Ақмола облысында 0,7 пайызға (5084-тен 5120-ға) дейін өсу байқалған.
"Ең көп қылмыс Алматы - 24 965 (18,8 пайыз) және Астана қалаларында - 17 339 (13,1 пайыз), Алматы - 10 385 (7,8 пайыз) және Қарағанды - 7 562 (5,7 пайыз) облыстарында жасалған", - делінген хабарламада.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санынан 34 пайыз алаяқтық (45 156), 23 пайыз - ұрлық (30 593), 6,3 пайыз - есірткі қылмысы (8 363), 1,2 пайыз - тонау (1 551), 1,2 пайыз - бұзақылық (1 615), 0,8 пайыз - мал ұрлығы (1 051), 0,4 пайыз - адам өлтіру (566), 0,3 пайыз - зорлау (421), басқа құқық бұзушылықтар 32,7 пайыз (43 462).
Ауыр емес қылмыстар -7,6 пайызға (21 826-дан 20 178-ге), ауырлығы орташа қылмыстар - 16,8 пайызға (58 874-тен 48 992-ге) және ауыр - 2,2 пайызға (37 548-ден 36736-ға) төмендегені байқалады.
Сонымен қатар, ұрлық - 28,3 пайызға (42 639-дан 30 593-ке), оның ішінде ұялы телефон ұрлығы - 30,9 пайызға (10 530-дан 7 273-ке), пәтер ұрлығы - 33,5 пайызға (3 566-дан 237-ге), көлік ұрлығы - 42,2 пайызға (258-ден 149) айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ, мал ұрлығы да 30,9 пайыз (1520-дан 1 051-ге) азайған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!