Қазақстан Қарулы Күштері бірінші құрама бітімгершілік ротасының әскери қызметшілері Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері миссиясында жүктелген міндеттерді сәтті орындап, абыроймен Отанына оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Қарулы Күштері бірінші құрама бітімгершілік ротасының әскери қызметшілері Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері миссиясында жүктелген міндеттерді сәтті орындап, абыроймен Отанына оралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі заманғы Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет 2018 жылғы 31 қазанда қазақстандық бітімгершілік полк құрама бітімгершілік ротасының 120 әскери қызметшісі "ҮндҚазбат" үнді батальоны құрамында "Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері" миссиясына қатысу үшін Ливан Республикасына жіберілді.
6 ай бойы қазақстандық бітімгершілер өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі міндеттерді және жергілікті жерді патрульдеу, бақылау бекеттерін ұйымдастыру, атыстың тоқтатылуының сақталуын бақылау, азаматтық халыққа көмек көрсету бойынша функцияларды лайықты түрде орындады, сондай-ақ миссияның штабы өткізген барлық іс-шараларға қатысты.
БҰҰ-ның халықапалық базасында бірінші бітімгершілік ротаны ҚР ҚК-ның кезекті бітімгершілік контингенті алмастырды. Бітімгершілік контингенттің ротациялану процесі 2 кезеңде өтті. Бұл командалық лауазымдар мен мүлікті сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Ротацияның бірінші кезеңіне 64 әскери қызметші кірді. Екінші кезеңде ротаның жауапкершілік аймағын тапсыруды жүзеге асыра отырып, ұлттық бітімгершілік бөлімшенің жеке құрамын толық ауыстыру жүргізілді.
БҰҰ-дан миссияға қатысқан әскери қызметшілерге БҰҰ-ның Бас ассамблеясы бекіткен мөлшерлемелер бойынша шығындар төленеді. Бұл бір әскериге 1428 АҚШ долларын құрайды. Қосымша әрбір әскери қызметшіге күніне 1,28 АҚШ доллары көлемінде тәуліктік шығындар төленді. Тамақ пен тұру БҰҰ есебінен жүргізілді. Сондай-ақ әскери қызметшілер ҚР Қорғаныс министрлігі есебінен теңгеде ақшалай үлеспен қамтамасыз етілді.
Бітімгершілік операциядан оралған соң әскери қызметшілер мемлекет есебінен санаторлық-курорттық ем қабылдауға жіберіледі. Бітімгершілік операцияларға қатысқан (атсалысқан) әскерилерге жыл сайынғы еңбек демалысына қосылатын ұзақтығы екі аптаны құрайтын қосымша демалыс ұсынылады.
Бітімгершілік операцияларға қатысқан (атсалысқан) әскерилерге бітімгершілік операцияларға қатысу кезеңінің бір айы бір жарым ай болып жеңілдік жағдай негізінде есептелінеді.
Ливандағы БҰҰ миссиясының, сондай-ақ "ҮндҚазбат" батальонының қолбасшылығы қазақстандық бітімгершілік дайындығына жоғары баға бергенін айта кету қажет. Ұлттық бітімгершілік бөлімшенің миссияға қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосып қана қоймай, сонымен бірге, халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстанның беделін нығайтады.