Алматыда 86-ға қараған шағында кинорежиссер Владимир Татенко қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ол - Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Кинематографистер одағы мен Журналистер одағының мүшесі.
Алматыда 86-ға қараған шағында кинорежиссер Владимир Татенко қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ол - Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Кинематографистер одағы мен Журналистер одағының мүшесі.
Владимир Пантелеевич Татенко 1929 жылы Украинаның Донецк облысында туған. Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының сценарий факультетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын "Социалистическая Караганда" газетінде журналист болып бастады.
1960-1972 жылдары ол Қарағанды студиясында "Телефильм" бірлестігін ашып, сонда жұмыс істеді. Татенко бұл бірлестікте өз сценарийі бойынша төрт деректі фильм түсірді: "Өкен Тұрмағамбетов", "Жылдар өткен соң...", "Мартыненко қалай канал салды", "Ғарыш - Қарағанды". Сонымен бірге, "Қазақфильм" киностудиясында Татенконың сценарийі бойынша бірнеше картина жарыққа шықты: "Күнді жасаушылар", "Шахтер әулеті", "Металдың ойландыратын түсі". 1973 жылы Владимир Пантелеевич "Қазақфильмге" деректі фильм режиссері ретінде жұмысқа шақырылды.
Оның киностудиядағы дебюті "Донбасс - Қарағанды" фильмі болды. Туынды төрт награда - Жұмысшы табы туралы фильмдердің III фестивалінде екі, Кишиневте өткен VIII Бүкілодақтық кинофестивальде екі, соның ішінде, "Жылдың ең үздік деректі фильмі" бірінші сыйлығын жеңіп алды.
Оның "Иван Иванович Иванов", "Коммунизм" кеңшарынан келген әйел, "Қарлығаш", "Кузьмич, Адам және басқалар" атты фильмдері де жүлде алған. Режиссер "Наташа", "Яровой - астықты фамилия" сияқты кинопортреттерді де түсірді. 1990 жылдары ол "Даниил Қожабергеновтің өлімі", "Құйрықты жұлдыз бен Пушкиннің портреті" атты фильмдерді түсіріп, жарыққа шығарды. Татенко Алматы туралы төрт фильм түсірген: "Алма-Ата", "Кешкі Алматы", "Қала мен тұмша", "Таңы алмадай арайлы таулар".
Владимир Татенко - Қазақстан Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, "Рахат-ТВ" телекомпаниясының бұрынғы президенті Дарья Клебанованың әкесі.