Қазақстандықтар электрмобильдерді әкелу және тіркеу кезінде бұрын күші жойылған алымдар бойынша төлем жасап жүр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандықтар электрмобильдерді әкелу және тіркеу кезінде бұрын күші жойылған алымдар бойынша төлем жасап жүр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жағдайға қазақстандық TAJ.report Telegram-арнасы назар аударған. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, елде жеке тұлғалардың жеке пайдалануы үшін әкелінген электрмобильдерді кедендік тазарту кезінде барлық төлем түрі алып тасталды. Яғни, электрмашина әкелу және заңдастыру іс жүзінде тегін болды. Тек жеткізуге, сондай-ақ тіркеу куәлігі мен нөмірді алуға ақша кетеді. Көлікті Ресейден басқа ЕАЭО елдеріне еркін сату мүмкіндігі бар.
"Үкімет Кеден одағы аясында азаматтардың мүддесін ресми түрде қорғап, биыл азаматтар ҚҚС төлемей 10 мың, келесі жылы тағы 15 мың электрмобильді импорттай алады деген келісімге келді. Алайда іс жүзінде жарияланған жеңілдік саясаты жұмыс істемейді. Өйткені байқаусызда немесе әдейі осы көліктерді әкелу мен тіркеуді есепке алатын уәкілетті органды құруды ұмытып кеткен", - делінген хабарламада.
Мән-жайды анықтау үшін Tengrinews.kz редакциясы Мемлекеттік кірістер комитетіне жүгінді. Ведомство азаматтарға жыл аяғына дейін елге 10 мыңға дейін электрмобильді ҚҚС төлемей әкелуге рұқсат етілгенін растады.
"Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден электр қозғалтқышы бар көлік құралдарын Қазақстан аумағына әкелетін жеке тұлғалар баждар мен қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Еуразиялық экономикалық комиссия шешімі бойынша Қазақстанға 2022 жылға 10 мың электрмобиль және 2023 жылға 15 мың квота бөлінді. Электрмобильдердің жеңілдетілген саны бойынша бұл квота жеке және заңды тұлғаларға ортақ", - деді МКК өкілдері.
Сондай-ақ, комитет биыл елге 480 электрмобиль келгенін, оның 442-сін жеке тұлғалар әкелгенін хабарлады. Оның 22-сі ғана жеңілдетілген тарифпен әкелінгені хабарланды.
Ұсынылған мәліметтен елге квота бойынша және іс жүзінде тегін шарттармен тағы 9978 электрокар әкелуге болады. Алайда іс жүзінде қазақстандықтар бұрынғы алымдарды әлі төлеп жүр. Мұны биыл сәуірдің ортасында Оңтүстік Кореядан электрмобиль әкелген алматылық Расул Байсалов растайды. Сол кезде жаңа тарифтер енгізілген. Кеденде құжаттарды рәсімдеу кезінде ер адам Алматыдағы электрмобиль логистикасымен айналысатын компаниядан көмек сұраған.
"Сол компания қызметкерлері барлық құжатпен айналысты. Олар маған шамамен 900 мың теңге салық есептеді. Мен бұған дейін шамамен 2,5 миллион теңге есептеп берген басқа кеден брокеріне жүгінгенмін. Сондықтан осыған келістім. Сол кезде ешкім маған жеке пайдалануға арналған электрмашинаны әкелсе, жеке тұлғалар төлемдерден босатылатынын айтқан жоқ. Бұл тіпті соңғы уақытқа дейін белгілі болған жоқ. Енді мен барлық құжатты көтеріп, төленген салықты қайтаруға ниеттімін", - деді Байсалов.
Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті электрмобильді әкелу кезінде салықтар мен басқа да алымдарды төлеген азаматтар өз қаражатын қайтара алатынын айтты. Тек тиісті өтініш жазу керек. Алайда бір ерекшелік бар: электрокарды кедендік тазарту кезінде тауар декларациясын емес, "жолаушылар декларациясын" толтыру керек.
"Егер азаматтар электрмобиль әкелген кезде "тауарға арналған декларацияны" толтыру шеңберінде ҚҚС-ты жеке төлем ретінде төлесе, онда ақшаны қайтару мүмкін болмайды. Егер "жолаушылар декларациясы" толтырылып, сома төленсе, онда мемлекеттік кірістер комитетіне жазбаша өтініш жасағаннан кейін бұл қаражатты электр көліктерінің иесіне қайтарамыз", - деп түсіндірді МКК өкілдері.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!