Алматылықтар теракт құрбандарын еске алу үшін Франция консулдығының алдына гүл апарып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматылықтар теракт құрбандарын еске алу үшін Франция консулдығының алдына гүл апарып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Консулдық күзетшісінің айтуынша, адамдар таңғы сағат 8.00-ден келе бастаған. Ғимарат алдына келгендер гүл қою үшін арнайы стол қойылды. Оның үстіне бірнеше шам мен "Көңіл айту кітабы" қойылды. Түске дейін ғимарат алдына 70-тен аса адамның келгені анықталды.
Екінші курс студенті Алмаз Дейкун қайғылы оқиға туралы Instagram әлеуметтік желісінен білген. Ол өз құрбысымен бірге Алматыдағы Франция консулдығының алдына гүл әкеп қойды. "Бұл әлемде қайталанып жатқан қайғылы оқиға. Бірнеше апта бұрын Мысыр әуесінде ұшақ жарылды. Міне, бұл жолы Парижде болып отыр. Мұндай жағдайды болғызбау керек. Қазір біз көңіл айтуға келіп тұрмыз. Біз ұлтқа бөлінбеуіміз керек. Біз жәй ғана адамдармыз. Менің Францияда қазір достарым оқып жатыр, сондықтан да ол ел маған жақын. Құдайға шүкір, олардың жағдайы жақсы. Бүгін түнде олармен жазыстым", - деді студент.
"Біз бірге келдік. Жазықсыз адамдардың жапа шеккені өкінішті. Мұндай жағдайдың енді болмағаны жақсы", - деді оның құрбысы Жанель.
Сонымен қатар, Астанада күзетшілер тұрғындарды ғимаратқа кіргізбей жатыр. Астаналықтар гүл мен суреттерді ғимараттың алдына қойды. Кейін қызметкерлер гүлдерді ғимаратқа кіргізеді.