"Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қоры қазақстандықтарға тұрғын үй сатып алуға, несиеге және отбасылық мерекелердің қаржысына көмектеспейді. Алайда қорға мұндай өтініштер жиі түседі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде қорда 115 миллиард теңге жиналғаны белгілі болды. Qazaqstanhalqyna.kz сайты іске қосылғалы бері қорға қазақстандықтардан 13000-нан аса өтініш келіп түскен.
"Сайтқа және әлеуметтік желілерге тұрғын үй сатып алу мен несие, басқа да қарыздарға, отбасылық іс-шаралар мен мерекелерге байланысты өтініштер түсіп жатыр", - делінген хабарламада.
Қор қызметі ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне, сондай-ақ, балаларға арналған өзге де әлеуметтік маңызы бар қызметтерді дамыту мен қолжетімділігін арттыруға бағытталғаны айтылды.
"Сондай-ақ, қор мүгедек, ауру баланы асырап алған, қамқоршылықты немесе патронаттық тәрбиені ресімдеген отбасыларға және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсету бойынша жұмыс істейді", - деп толықтырды баспасөз қызметі өкілі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!