Қазақстанда 66 мыңнан аса адамның қарызы есептен шығарылады. Бұл туралы Сенат кулуарында Мемлекеттік кірістер комитетінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Толығырақ
Сисембаеваның айтуынша, тек соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы шамамен 132 миллиард теңге қарызды есептен шығару жоспарланған.
Жалпы алғанда, банкроттықтың екі түрі бойынша қазірдің өзінде 66,6 мыңға жуық адам банкрот деп танылды, деп жалғастырды ол.
"Екі рәсім бойынша жалпы жиынтығы 66 600 адам банкрот деп танылды және олар бойынша 250 миллиард теңге есептен шығарылуға жатады", – деді басқарма басшысы.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кейбір қазақстандықтардың табысы мен мүлкін тексермей-ақ мерзімі өткен кредиттерін есептен шығара алатынын хабарлаған болатын.
Егер азамат несиесін 5 жылдан аса уақыт бойы төлемесе, оның қарызы автоматты түрде кешірілуі мүмкін - бұл жағдайда оның қанша табыс табатыны және мүлкінің бар-жоғы ескерілмейді. Сондай-ақ Қазақстанда "проактивті банкроттық" енгізіліп жатыр: мемлекет мұндай борышкерлерді өзі анықтап, оларға қарызды есептен шығаруды ресімдеу туралы ұсыныспен SMS хабарлама жібереді.
Банкроттыққа қалай өтінім беруге болады?
Банкроттық рәсімі орта есеппен 6 айға дейін созылады және оның екі түрі бар – соттан тыс және сот арқылы.
Соттан тыс банкроттық – ең қарапайым нұсқа:
- өтінім беру кезінде ЖСН көрсету жеткілікті;
- жұбайының келісімі қажет (егер бар болса);
- банкроттыққа тек жеке кәсіпкер (ЖК) болып табылмайтын Қазақстан азаматы өтінім бере алады.
Бұл eGov.kz порталында, e-Salyq Azamat, eGov Mobile мобильді қосымшаларында немесе қағаз түрінде Халыққа қызмет көрсету орталығының жақын маңдағы бөлімшесі арқылы жүзеге асырылады.
Сот арқылы банкроттық жағдай күрделірек болса - қарыз 1600 АЕК-тен (2024 жылы шамамен 7 миллион теңге) асса және мүлік болса қолданылады. Бұл ретте:
- кредиторлар мен борышкерлер тізімін дайындау;
- қарыздарды растайтын құжаттарды ұсыну;
- мүлік туралы мәліметтерді көрсету қажет.
Осы мәліметтермен сотқа жүгіну керек, содан кейін сот тиісті шешім қабылдайды.
Еске сала кетейік: 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру ережелері өзгереді. Банктер клиенттердің төлем қабілеттілігін қатаңырақ бағалай бастайды. Әңгіме жаңа көрсеткіштерді - борыштық жүктеме коэффициенті мен қарыздың табысқа қатысты коэффициентін енгізу туралы болып отыр. Онда адам өз табысының қанша бөлігін несиелерге және басқа да міндетті төлемдерге жұмсап жатқаны көрсетіледі. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жаңа қарыз алу мүмкіндігі соғұрлым төмендейді.