Қазақстандықтардың бір бөлігі табысы мен мүлкінің бар-жоғы тексерілместен, мерзімі өткен кредиттерін кешіруге үміт арта алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кредитті кешіру шарттары
Қазіргі уақытта мерзімі өткен кредиттерді кешіру үшін азамат екі шартқа сай болуға тиіс: оның табысы 2 ең төменгі жалақыдан (170 мың теңге) аспауы керек және меншігінде мүлкі болмауға тиіс. Алайда кредиті бойынша мерзімі өту уақыты 5 жылдан асқан адамдар үшін бұл шарттар қолданылмайды, деп түсіндірді ол.
"Егер төлем мерзімі 5 жыл және одан да көп уақытқа кешіктірілсе - бұл екі шарт оған қолданылмайды. Ол еш кедергісіз өтініш бере алады және оның табысы қанша, мүлкі бар ма, жоқ па - тексерілместен берешегі кешіріледі", - деді ол.
Борышкерлерді өздері іздейді
Бұдан бөлек, ҚНРДА басшысының айтуынша, аталған нормаға қосымша "проактивті банкроттық" механизмі қарастырылған. Бұл мемлекеттің мұндай борышкерлерді өзі іздеп табуын білдіреді.
Банкроттыққа өтініш бере алатын адамдарды анықтап, оларға қарызды кешіру туралы ұсыныспен SMS-хабарлама жолдаумен Қаржы министрлігі айналысады.
"Оларға проактивті түрде SMS жіберіліп, банкроттық рәсімі ұсынылады. Бұл механизм бойынша жүгінетін адамдар қарасы әзірге көп емес", - деп толықтырды Әбілқасымова.
Еске салсақ: 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру ережелері өзгереді. Банктер клиенттердің төлем қабілеттілігін қатаңырақ бағалай бастайды. Әңгіме жаңа көрсеткіштерді - борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) мен қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін (ҚТК) енгізу туралы болып отыр. БЖК адамның өз табысының қанша бөлігін несиелер мен басқа да міндетті төлемдерге жұмсап жатқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жаңа қарыз алу мүмкіндігі соғұрлым төмен болады.