Қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада сенсация жасады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада сенсация жасады Бейнеден кадрлар

Қазақстан құрамасы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық оқушылар бұл тарихи нәтижеге 4-12 шілде аралығында Букарамангада (Колумбия) өткен 56-шы олимпиадада қол жеткізді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.


Биыл әлемдегі ең беделді интеллектуалдық жарыстардың біріне 85 елден 381 оқушы қатысты. Қатысушылар терең білімді, талдау қабілетін және практикалық дайындықты талап ететін күрделі теориялық және эксперименттік есептерді шешті.

Қазақстанның бес өкілінің бесеуі де алтын медаль иегері атанды - ұлттық құрама бұған дейін мұндай нәтижеге ешқашан қол жеткізбеген.

Қазақстанға тарихи жеңіс сыйлаған кімдер?

Алтын медаль иегерлері:

  • Нұргүл Егенбергенова - Астана қаласы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
  • Әмірбек Азатбеков - Астана қаласы физика-математика бағытындағы НЗМ-нің 12-сынып оқушысы;
  • Ілияс Қазымбек - Астана қаласы Spectrum International School 12-сынып оқушысы;
  • Роман Черемнов - Алматы қаласы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Дамир Құрман - Астана қаласы физика-математика бағытындағы НЗМ-нің 11-сынып оқушысы.

Оқу-ағарту министрлігі ұлттық құраманың дайындығы үш жылға созылғанын хабарлады. Командамен мектеп мұғалімдері, тәлімгерлер мен ұлттық жаттықтырушылар жұмыс істеді. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Олимпиада кезінде құрама жұмысын SDU аға оқытушысы, PhD Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Әлішер Еркебаев үйлестірген.

Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді және мектеп оқушылары арасындағы әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі саналады. Қазақстан IPhO-ға 1997 жылдан бері қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болатын.