Қазақстандықтарға смартфондарын тексеруге қосымша уақыт беру туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
2025 жылғы 25 наурыздан бастап Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер тек елге 25 наурыздан кейін әкелінген құрылғыларға ғана қатысты. Бұған дейін Қазақстанда жұмыс істеп тұрған барлық мобильді телефондар автоматты түрде "ақ тізімге" енгізіледі және ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастыра береді.
"Бизнес өкілерімен болған бірнеше кездесуден кейін, тіркелмеген, бірақ бұрын әкелінген және әлі сатылмаған құрылғыларды тіркеу үшін қосымша 60 күн беру туралы шешім қабылданды. Яғни, бизнеске және азаматтарға 2025 жылғы 25 мамырға дейін барлық құрылғыларды kz-imei.kz порталы арқылы заңдастыруға мүмкіндік берілді", - делінген хабарламада.
Жаңа талаптарға сәйкес, елге алғаш рет әкелінетін барлық мобильді құрылғылар міндетті түрде GSMA халықаралық деректер базасында, сондай-ақ мемлекеттік салық және кедендік жүйелерде верификациядан өтуі тиіс. Бұл құрылғының өндіруші мәлімдеген сипаттамаларға сәйкестігін, елге заңды жолмен әкелінгенін және растайтын құжаттардың болуын, сондай-ақ IMEI-кодтың жоғалған, ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар базасында бар-жоғын тексеруді көздейді.
Верификациядан келесі тұлғалар өтуі тиіс:
- импорттаушылар – елге әкелінетін барлық құрылғылар бойынша;
- жеке тұлғалар – егер құрылғы бұған дейін Қазақстанның ұялы байланыс желісінде қолданылмаған болса;
- авторизацияланған сервис орталықтары – техникалық себептерге байланысты IMEI-кодты ауыстыру болған жағдайда.
Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін заңдастырылмаған құрылғыларға ұялы байланыс қызметтерін пайдалану шектеледі. Сонымен қатар, желіге алғаш қосылғаннан кейін 30 күн ішінде тіркеуден өтпеген құрылғылар қара тізімге енгізіліп, бұғатталады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!