2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға Нидерландтан алғашқы екі Амур жолбарысы - аталық Богдан мен аналық Кума жеткізілді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жануарлардың жағдайы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның сөзінше, жолбарыстар әзірге вольерде өмір сүріп жатыр, жағдайы жақсы. Мамандар жақын арада жұп төлдейді деп үміттенеді.
"Былтыр, өкінішке қарай, ұрықтану болмады. Бірақ жақында ғана, жыл басында бұл құбылыс байқалды, сондықтан біз жұптан төл аламыз деп үміттенеміз", - деді министр.
Нысанбаев көктемде Қазақстанға Ресейден тағы төрт жолбарыс әкелінетінін айтты.
"Шамамен сәуірдің соңы мамырдың басында оларды әкелеміз, сол кезде алты жолбарыспен Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру жобасы басталады", - деп қорытындылады министр.
Қазақстанда кейінгі жылдардағы ең көп талқыланған табиғатты қорғау жобаларының бірі - жолбарыстарды қайта жерсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ресейден төрт Амур жолбарысы жеткізіліп, Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына жіберіледі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!