Мемлекеттік-жеке серіктестік ұстанымы бойынша салынған түзету мекемелерінде сыйыну бөлмелері болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекеттік-жеке серіктестік ұстанымы бойынша салынған түзету мекемелерінде сыйыну бөлмелері болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің штаб-басқармасының басшысы Қайрат Мұрзашев хабарлады. Ол мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынған түзету мекемелеріндегі сотталғандардың жағдайы жақсаратынын айтты. Олардың бірі - сыйыну бөлмелері, олар енді түзету мекемесінің ғимаратында орналасады.
"Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта колониялардағы мешіттер мен шіркеулер жабық, бірақ олар кітапхана, асхана және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысанға өзгерген еді. Алайда сотталғандардың діни сенімі жоғалып кетті деуге болмайды. Сондықтан біз арнайы ғимаратта емес, түзету мекемесінің ғимаратында сыйынатын бөлмелерді қарастырдық", - деді Қайрат Мұрзашев.
Баспасөз мәслихаты кезінде ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төраға орынбасары Жанат Кешубаев Қазақстанда таяу арада сотталғандардың жағдайын жақсарту жоспарланып отырғанын, халықаралық стандартқа сәйкес болатынын еске салды.
"Ішкі істер министрлігі жасақ-барак түріндегі ұстау жүйесінен камерада ұстау жүйесіне өту туралы бастама көтерді, бұл жүйе халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Мәселен, Қазақстанның жаңа колонияларында әрбір камерада санитарлық торап бар, әрбір сотталғанға 6,6 шаршы метр аудан қарастырылған. Осылайша ҚАЖК халықаралық стандартқа сәйкес жағдайды жасамақ. Бұл мәселені шешу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді Жанат Кешубаев.
Қазіргі уақытта республикада, оның айтуынша, камералық түрде ұстау жүйесіндегі сегіз қайта құрылымдалған түзету мекемесі бар. Кешубаевтің айтуынша, 2013 жылы бес климаттық аймаққа 1500 орындық мамандандырылған түзету мекемесінің типтік жобасы жасалды. Онда бір немесе екі адамға арналған камералар бар. "Сонымен қатар, камераларда әлеуметтік аспекттер қарастырылған - мүгедектерге жасалатын жағдайдың талаптары. Оларға әрбір режим блогында арнайы камералар жабдықталған", - деді ҚАЖК төраға орынбасары.
Кешубаевтің айтуынша, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында түзету мекемелерін салуға жер телімдері бөлініп қойды. Сонымен қатар, Астанада жаңа тергеу изоляторы салынады. Барлық осы нысандар мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салынады.