2 маусымда Қазақстанның оңтүстігінде әскери дрон құлады. Қорғаныс министрлігі оқиғаның алдын ала себебін атады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сенат кулуарында журналистер Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабековтен оқиғаның мән-жайын сұрады.
Оның айтуынша, оқиға жоспарлы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған.
"Жамбыл облысында оқу-жаттығу шаралары кезінде аппараттарымыздың бірі штаттан тыс жағдайда қонды. Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізіп, оқиғаның мән-жайын зерттеп жатыр", - деді Мұстабеков.
Алдын ала болжам бойынша, оқиғаға техникалық ақау себеп болуы мүмкін.
"Дегенмен түпкілікті қорытынды комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін жасалады", - деп атап өтті министрдің орынбасары.
Ол оқиға салдарынан ешкім зардап шекпегенін баса айтты.
"Аппарат инфрақұрылым нысандарына немесе басқа ғимараттарға құлаған жоқ. Ол далалық жерге штаттан тыс жағдайда қонды", - деп түсіндірді Мұстабеков.
Журналистердің дронның түрі туралы сұрағына жауап бере отырып, Қорғаныс министрлігінің өкілі бұл отандық өндірістегі аппарат екенін хабарлады.
"Бұл - бақылау мен мониторинг жүргізуге арналған отандық өндірістегі ұшқышсыз ұшу аппараты. Белсенді жауынгерлік дайындыққа байланысты біз мұндай аппараттарды күнделікті дерлік қолданамыз. Сондықтан кейде техникалық ақаулар болып тұрады", - деді ол.
Мұстабековтің айтуынша, тексеру аяқталғаннан кейін Қорғаныс министрлігі оқиғаның себептері туралы қосымша ақпарат береді.
Еске сала кетейік, 2 маусымда Қазақстанның оңтүстігінде әскери дрон құлаған болатын. Қорғаныс министрлігі оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ екенін хабарлады.