Түркістан облысында ер адам бұрынғы келінін тойда ән айтқаны үшін ұрған. Әйел полицияның әрекетсіздігіне шағымданып, видеоүндеу жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға 31 тамызда сағат 20:30 шамасында Төле би ауданы, Зағамбар ауылындағы "Зағамбар" мейрамханасында болған. Ән айтып тұрған кезінде оған бұрынғы күйеуінің әкесі кенеттен шабуыл жасап, бірнеше рет ұрған. Қыз ер адамның қатты мас күйде болғанын айтты.
Ол арыз берген кезде учаскелік полицей істің кемінде бір жарым айдан кейін қаралатынын айтып, сол уақыт бойы оны бөлімшеге 10–15 рет шақыратындарын айтқан. Бұдан бөлек, жәбірленушінің айтуынша, полицияда оны күдіктімен татуласуға үгіттеген, тіпті оны сол жерге әкелген.
Жәбірленушінің сөзінше, күдіктіні наркологиялық тексеріске және сараптамаға жібермеген, ал оның өзіне мойын мен қолындағы көгерген жерге қарамастан уақытылы медициналық куәландыру тағайындалмаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әйелдің айтуынша, ол татуласуға ниетті емес.
"Маған ешқандай татуласу керек емес. Заң бойынша жауап берсін. Ол кешірім де сұраған жоқ. Тек учаскелік инспектор ғана мені кешірім беруге, келісімге келуге үгіттеді. Заңды шара қолдануын сұраймын", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде ер адамның ән айтып тұрған қызды ұрған сәті түсірілген видео тараған еді. Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі бұл факт бойынша "ұрып-соғу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Күдікті анықталып, полицияға жеткізілген. Тергеу жүріп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!