Нұр-Сұлтанда буллингтің зардабын түсіндіретін вебинар өтті. Онда мамандар оқушыларға біреуді қорлаудың салдарын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нұр-Сұлтанда буллингтің зардабын түсіндіретін вебинар өтті. Онда мамандар оқушыларға біреуді қорлаудың салдарын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл шараға "Жасұлан" ұйымының тәлімгері Данара Төлегенова, психолог Мадина Демеуова, Únsіz qalma медиажобасының жетекшісі Олжас Әбілұлы мен елордалық мектеп оқушылары қатысты.
"Буллингтің күш көрсету арқылы, сөз формасындағы, кибербуллинг, мүгедек адамдарға, жыныс ориентациясына байланысты, заңмен қорқыту, ата-ананың балаға жасайтын түрлері бар. Адам өзін ғана емес, өзгелерге күш көрсету жағдайларын байқағанда бейтарап қалуға болмайды. Естеріңізде болсын, ешкімнің сені қорлауға құқы жоқ. Буллинг достарыңның, отбасыңның, бөтен жандардың тарапынан жасалуы мүмкін. Бұл дұрыс емес және бұлай болуға тиіс емес", - дейді мектеп психологі Мадина Демеуова.
Бұл шараны ұйымдастырғандар буллинг қазақ қоғамына соңғы он жылда кең тарала бастағанын айтады. Олардың сөзінше, БАҚ-та, интернет кеңістігінде бұл туралы қазақша ақпараттар өте сирек екен. Сондықтан Únsіz qalma медиажобасы құрылған.
"Біз жобамызда "Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз" ұранын ұстаным етіп алдық. Біреуді шеттету, мүйіздеу ешқандай да мақтаныш не бедел емес. Айналадағы қатарластарымызды мазақтау, топқа қоспау қылмысқа апарып соғуы бек мүмкін. Осыны оқушылар жіті ұғынуға тиіс. Ол үшін алдымен мектепте мейірімді орта қалыптасуы қажет. Біздің бейнематериалдар балалар өз арасындағы түсініспеушілікті өздері шешіп, бір-біріне қайырымды болуға үндейді", - деді жобаның жектішісі Олжас Қасым.
Ал бала тәрбиесімен айналысатын "Жасұлан" ұйымының тәлімгері Данара Төлегенованың айтуынша, оқушылар мектепте көшбасшылық қабілетке ие болғысы келеді. Бірақ балалардың дені басқарушылық қасиетті біліммен емес, білекпен көрсету деп ұғынатынын айтады.
Оқушылар мамандардан кибербуллинг жасалған кезде қалай қорғануға болатынын сұрады. Бұл сұраққа жауап берген психолог Мадина Демеуова әлеуметтік желіде қорлау оқиғалары туындаса жәбірлеушіні бұғаттап, "111, 150 шұғыл қызмет байланыс орталығына" немесе 101 сенім телефонына хабарласу керегін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол мәселемен бетпе бет келгенде ата-анаға немесе ұстаздың көмігіне жүгінуге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі үндеуінде қазақстандықтарды кибербуллингтен қорғауға тапсырған болатын.
"Адам құқықтарын қорғаудың жаңа шараларын қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл проблема бірінші кезектегі мәселе болып отыр. Бүкіл әлем сияқты, Қазақстан да азаматтардың интернеттегі қорлық-зомбылыққа ұшырау қаупіне тап болды. Осыдан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. Олар әсіресе интернет-қорлыққа сезімтал. Бұл, өкінішке қарай, қайғылы салдарға әкеледі. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау үшін заңнамалық шаралар қабылдайтын уақыт келді", - деген еді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!